Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Александр Дарчиев кенеттен қайтыс болды

Дарчиев 2025 жылғы наурыздан бері Вашингтондағы елшілікті басқарған, ал оған дейін алты жыл Ресейдің Канададағы елшісі болған.

Российский флаг на территории посольства России в Вашингтоне
Фото: RFE/RL

Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Александр Дарчиев 11 қараша, сәрсенбі күні кенеттен қайтыс болды. Ол 66 жаста еді. Дипломаттың қазасы туралы Ресей СІМ хабарлады. Министрлік оның қайда қайтыс болғанын және өлімінің себебін нақтыламады.

«Көрнекті дипломат, тәжірибелі басшы, мейірімді жолдас әрі тәлімгер дүниеден озды», — делінген ведомство хабарламасында. СІМ бұған қоса: «Аса жоғары деңгейдегі кәсіби маман, көрнекті америкатанушы», — деп жазды. Министрлік Дарчиевтің Ресей сыртқы саясатының ең жауапты бағыттарының бірінде қызмет еткенін атап өтіп, оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. The Moscow Times мәліметінше, Кремль мен АҚШ билігі елшінің қазасына әзірге пікір білдірмеген.

Дарчиев 2025 жылғы наурыздан бері Вашингтондағы елшілікті басқарды. Бұған дейін Анатолий Антонов кеткеннен кейін бұл лауазым бірнеше ай бос тұрған. АҚШ Дарчиевтің кандидатурасына 28 ақпанда келісім берді, ал 6 наурызда Владимир Путин оны тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл Дональд Трамп Ақ үйге оралғаннан кейін екі ел қарым-қатынасы жылыған кезеңге тұспа-тұс келді. Тағайындалмас бұрын, 2025 жылғы ақпанда, Дарчиев Стамбұлда америкалықтармен елшіліктердің жұмысы жөнінде өткен келіссөздерде Ресей делегациясын басқарған.

Дипломат 1960 жылғы 14 мамырда Будапештте туған. 1983 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, КСРО Ғылым академиясының АҚШ және Канада институтында он жылға жуық жұмыс істеді. 1992 жылы дипломатиялық қызметке ауысты. 2005–2010 жылдары Ресейдің АҚШ-тағы елшілігінде кеңесші-уәкіл болды, кейін төрт жыл СІМ-нің Солтүстік Америка департаментін басқарды. Дарчиев 2014–2021 жылдары Канададағы елші қызметін атқарды, содан кейін Мәскеуге оралып, министрліктің бейінді департаментін қайта басқарды.

Елшінің қазасы Мәскеу мен Вашингтон арасындағы байланыстар жанданған тұсқа тап келді. 10–11 қарашада Әбу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасында үшжақты келіссөздер өтті, ал 12 қарашада Трамптың өкілдері Мәскеуге Путинмен кездесуге барады. Вашингтондағы елшілікті уақытша кім басқаратыны әзірге хабарланбады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз