Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Ақтауда 13 қарашада антитеррорлық жаттығу өтіп, қозғалыс шектеледі

Жаттығу кезінде қозғалыспен қатар әкімдік, полиция және өнеркәсіптік аймақ нысандарының жұмысы да уақытша шектеледі.

Антитеррористические учения в Мангистауской области
Фото: gov.kz

Ақтауда 13 қарашада сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін «Ақтау-Антитеррор-2026» терроризмге қарсы оқу-жаттығуы өтеді. Осы уақытта Маңғыстау облысы әкімдігінің ғимараты мен полиция департаментінің маңында, сондай-ақ №6 өнеркәсіптік аймақта көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы шектеледі. Бұл туралы терроризмге қарсы облыстық жедел штаб хабарлады.

Жаттығу сценарийі бойынша бұл үш нысан террорлық шабуылға осал саналады. Сондықтан олардың маңындағы қозғалыспен қатар нысандардың өз жұмысы да уақытша шектеледі. Қай көшелер жабылатынын және жаяу жүргіншілер қай учаскелерге жіберілмейтінін штаб нақтыламады.

Тұрғындардан жаттығуға түсіністікпен қарап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жалған ақпарат таратпауды сұрайды.

Облыста мұндай жаттығу алғаш рет өтіп жатқан жоқ. 2025 жылғы қыркүйекте «Ақтау – Антитеррор-2025» жаттығуы №4 өнеркәсіптік аймақта өткізіліп, ол кезде де қозғалыс ішінара шектелген еді. Полиция мұндай жаттығулар құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтердің террорлық оқиғаға қаншалықты жедел әрекет ете алатынын тексеру үшін өткізілетінін түсіндірген. Ал 2026 жылғы шілденің соңында «Антитеррор-2026» жаттығуы Қарақия ауданында өтті. Сол кезде де тұрғындардан сабыр сақтап, жаттығуға қатысушыларға кедергі келтірмеуді сұраған. Аудан әкімдігі қоғамдық тәртіпті қадағалайтын адамның заңды талабын орындамағаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынатынын ескерткен.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз