Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Led Zeppelin вокалисі Роберт Плант Алматыда алғаш рет концерт береді

Плант Saving Grace тобымен келеді, ұжымның аттас альбомы 2025 жылы Британия чартының үздік бестігіне енген.

Здание Дворца Республики в Алматы
Фото: welcome.kz

Әйгілі Led Zeppelin тобының вокалисі Роберт Плант 2027 жылғы 28 тамызда Алматыда концерт береді. Ол Root & Branch әлемдік туры аясында өзінің Saving Grace тобымен бірге Республика сарайында өнер көрсетеді. Бұл Плант пен Saving Grace үшін Орталық Азиядағы алғашқы концерт болмақ.

Билеттер Freedom Superapp қосымшасында және Ticketon.kz сайтында сатылады. Алдын ала сату 12 қарашада, ал негізгі сату 13 қарашада, жұма күні басталады. Билет бағасы әзірге жарияланған жоқ.

Плант Saving Grace тобын 2019 жылы құрған. Топ фолк, блюз, госпел, кантри және американдық дәстүрлі музыка жанрларында ойнайды. Плантпен бірге Сьюзи Дайан ән айтады, гитарада Тони Келси, банджо мен ішекті аспаптарда Мэтт Уорли, виолончельде Барни Морс-Браун, барабанда Оли Джефферсон ойнайды. 2025 жылғы қыркүйекте ұжым Saving Grace альбомын шығарды: ол Британия чартында 4-орынға көтеріліп, американа жанрындағы альбомдардың британдық рейтингінде бірінші орын алды. 2027 жылдың жазында топ Ұлыбританияда, Ирландияда, Бельгияда, Швецияда және Латвияда концерт береді.

Роберт Плант 78 жаста. Ол Led Zeppelin құрамында Stairway to Heaven, Whole Lotta Love және Kashmir хиттерін жазды, ал топтың өзі рок тарихындағы ең ықпалды ұжымдардың бірі саналады. 1980 жылы Led Zeppelin тарағаннан кейін Плант жеке өнер көрсетіп келеді, ал оның Элисон Краусспен бірге жазған Raising Sand альбомы «Жыл альбомы» аталымы бойынша «Грэмми» сыйлығын алды. Республика сарайы — Алматыдағы басты концерт залдарының бірі, ол шамамен 2,5 мың көрерменді сыйғызады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз