Екі магистральдық мұнай құбырынан есепте көрсетілмеген 92 мың тоннадан астам мұнай табылды. Заң бұзушылықты Бас көлік прокуратурасы анықтады. Прокуратура араласқаннан кейін мұнай есепке алынып, компания салықты қайта есептеді, нәтижесінде бюджетке 3,3 млрд теңгеден астам қаражат түсті.
Сөз Кеңқияқ — Құмкөл және Атасу — Алашаңқоу мұнай құбырлары туралы болып отыр. Екеуі де Қытайға мұнай жеткізетін бағыттың бөлігі, ал Атасу — Алашаңқоу арқылы қазақстандық мұнаймен қатар ресейлік транзиттік мұнай да айдалады. Құбырлардың операторы — «Қазақстан-Қытай Құбыры», оның үлесі «ҚазТрансОйл» мен Қытайдың CNODC компаниясына тең тиесілі.
Прокуратураның түсіндіруінше, мұнайды айдау кезінде технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателігіне байланысты артық мұнай пайда болады, яғни жүйедегі мұнай құжатта көрсетілгеннен көп болып шығады. Бұл артық мұнай есепте толық көрсетілмеген. Соның салдарынан компанияның активтері кем көрсетіліп, салық толық төленбеген. Артық мұнайдың көлемі түгендеу арқылы анықталды. Заң бұзушылықтарды жою үшін Энергетика министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар шара қабылдады.
Есептілік түзетілгеннен кейін компанияға 2,9 млрд теңге корпоративтік табыс салығы есептелді. Бұл — бизнес өз пайдасынан төлейтін салық. Тағы 300 млн теңгеден астам қаражат бюджетке мүлік салығы ретінде өсімпұлмен бірге түсті.



