Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Ресей Украинаның Черноморск қаласындағы базарға соққы берді: үш адам қаза тапты

Соққы Одессадан 20 шақырым жердегі теңіз жағалауындағы порт қаласының орталығындағы «Ранок» базарына күндіз, адам ең көп жиналатын уақытта тиді.

Последствия российского удара по рынку в центре Черноморска Одесской области
Фото: Цензор.нет

Ресей әскері 11 қарашада күндіз Черноморск қаласының орталығындағы базарға соққы берді. Черноморск — Қара теңіз жағалауындағы порт қаласы, Одессадан оңтүстікке қарай шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипердің хабарлауынша, үш адам қаза тауып, тағы 11 адам жараланды. Бұл — бейбіт тұрғындарға жасалған лаңкестік шабуыл: Кипердің сөзінше, соққы базарда «әрдайым адам көп болатын» уақытта тиді.

Облыс басшысы «Ранок» базарына соққы туралы алғашқы хабарды Киев уақытымен сағат 12:31-де (Астана уақытымен 15:31-де) жариялады. Одан сәл бұрын Украина Әуе күштері Черноморскіге қарай реактивті дрон ұшып бара жатқанын ескерткен.

Алғашында билік бір адам қаза тауып, төрт адам жараланғанын айтқан. Бір сағаттан кейін зардап шеккендер саны 11-ге жетті: тоғыз адам ауруханаға жеткізілді, олардың төртеуінің жағдайы ауыр, тағы біреуіне орнында көмек көрсетілді. Кейін ауыр жараланған екі адам ауруханада көз жұмып, қаза тапқандар саны үшеуге жетті. Билік олардың есімдерін әлі атаған жоқ.

Ресейдің 11 қарашадағы соққысынан кейін Черноморскідегі базардағы қираған нысандар
Фото: Цензор.нет

Жарылыстан сауда павильондары, базар маңындағы тұрғын үйлер, бір жеке үй және тұрақта тұрған көліктер зақымданды. Базар аумағында өрт шықты — ТЖМҚ құтқарушылары оны тез сөндіріп, өрттің әрі қарай таралуына жол бермеді. Оқиға орнында үйінділерді тазалау жұмысы тағы бірнеше сағатқа созылды.

Одесса облысы, Черноморскідегі базарға Ресей соққы берген жер
Фото: Цензор.нет

Одесса облыстық әскери әкімшілігінің мәліметінше, полиция шабуылды әскери қылмыс ретінде құжаттап жатыр.

Черноморск — Украина астық экспорттайтын Одесса облысындағы үш ірі порттың бірі, Ресей оны жиі атқылайды. 9 қарашада Ресей дроны қаладағы бір жеке үйге тиді, ал 11 қарашаға қараған түні Ресей әскері облыстың энергетика нысандарына шабуыл жасап, 135 мың тұтынушы жарықсыз қалды. 2025 жылғы қарашада Ресейдің дәл осы базарға берген соққысынан екі адам қаза тапқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз