11 қарашаға қараған түні Ресей Украинаның энергетикасына, тұрғын үй кварталдарына және адамдарға қайтадан соққы берді. Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері хабарлағандай, Ресей әскері Украинаға бір Х-59/69 басқарылатын зымыранын және 163 шабуылдаушы дрон ұшырды. Әуе қорғанысы 144 нысананы атып түсірді немесе басып тастады, бірақ 17 жерге соққы тиді. Ең ауыр жағдай елдің оңтүстігіндегі Одесса облысында қалыптасты: онда 135 мыңға жуық тұтынушы жарықсыз қалды.
Дрондардың арасында 91 реактивті «Шахед» болды. Бұл – Ресей өз елінде шығаратын ирандық шабуылдаушы дрон. Сондай-ақ шағын қанатты зымыранға ұқсайтын реактивті «Бандероль» дрондары ұшырылды. Дрондар Ресейдің Орел, Курск, Миллерово, Шаталово қалаларынан және басып алынған Қырымдағы Гвардейское мүйісінен ұшырылған.
Одесса облысындағы энергетика нысандарына басқыншылар 10 қарашаның кешінде де, 11 қарашаның таңында да соққы берді. Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипердің айтуынша, Болград, Белгород-Днестровский және Одесса аудандарының бір бөлігі электр қуатынсыз қалды, облыста апаттық өшірулер енгізілді, бір адам зардап шекті. Украина Энергетика министрлігінің мәліметінше, 11 қарашаның таңында сегіз облыста – Днепропетровск, Житомир, Запорожье, Киев, Ровно, Харьков, Одесса және Чернигов облыстарында тұтынушылардың бір бөлігі жарықсыз қалды. Ең күрделі жағдай Киев, Днепропетровск және Одесса облыстарында, барлық дерлік жерде сағаттық өшіру кестесі қолданылып жатыр. Донецк облысының Славянск қаласында ресейлік дрон жұмыс істеп жатқан энергетиктер бригадасына шабуыл жасап, олардың бірі жараланды.
Украинаның көлемі жағынан екінші қаласы, Ресей шекарасынан 30 шақырым жердегі Харьковқа басқыншылар түнде екі мәрте зымыран соққысын жасады. Бұл туралы қала мэрі Игорь Терехов хабарлады. Зымырандар Индустриальный және Салтовский аудандарына тиді. Украина ТЖМҚ мәліметінше, Салтовский ауданындағы гараж кооперативінде өрт шығып, 900 шаршы метр аумақты шарпыды, 38 гараж бен 15 көлік жанып кетті. Көпқабатты тұрғын үйлер зақымданып, бір адам зардап шекті.

Киевтің батысындағы Житомир облысында ресейлік дрондар кештен бастап бес аумақтық қауымдастықтағы энергетика, көлік және жанармай нысандарына соққы берді. Житомир облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Бунечко төрт адамның жараланғанын айтты. Олардың арасында шақыру бойынша келіп, ресейлік қылмыстарды тіркеп жатқан полицейлер бар: сол жерге қайта соққы берілген. Көмекке келгендерді қайталап атқылау – Ресей әскерінің ең арсыз тәсілдерінің бірі. Тұрғын үйлер, жеке кәсіпорын және кемінде 20 көлік зақымданды.
Басқа өңірлер де зардап шекті: Киевтің Дарница ауданында дрон жеке үйді зақымдады, қаза тапқан немесе жараланған адам жоқ. Черкасы облысының Умань ауданында энергетика нысаны, Ровно облысында тұрғын үйлер зақымданды. Сонымен қатар ресейліктер Кривой Рог қаласына дронмен шабуыл жасап, қаланың бір бөлігін жарықсыз қалдырды.
Шабуыл кезінде екі «Бандероль» көршілес Молдованың әуе кеңістігіне кірді. Бұл туралы осы елдің Қорғаныс министрлігі хабарлады. Олар Киев уақытымен сағат 06:00 шамасында (Астана уақытымен 09:00) Одесса облысы жақтан шекараны кесіп өтіп, Молдова аумағының үстінде бес минуттай ұшып, Украинаға қайта оралды. Біреуі Штефан-Водэ ауданының үстімен, екіншісі Приднестровье сегменті бағытымен өтті.
Ресей украиндарды қыс алдында жарық пен жылусыз қалдыру үшін энергетикаға күн сайын түнде соққы беріп келеді. Украинаның еуропалық одақтастары Мәскеуді гуманитарлық апат ұйымдастыруға тырысады деп ашық айыптаған еді. Шабуыл Украина, АҚШ және Ресейдің Әбу-Дабидегі үшжақты келіссөздерінің екінші күнімен тұспа-тұс келді. Дәл осы түні украин дрондары Петербург маңындағы Ресейдің Усть-Луга портына шабуыл жасады.



