УЕФА қазақстандық төреші Булат Сариев пен көмекші төреші Алексей Долгихты 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаты іріктеуінің екінші кезеңіне тағайындады. Шағын турнир 11–17 қараша аралығында Сан-Маринода өтеді. Сариев екі матчты бас төреші ретінде басқарып, тағы бір ойында резервтегі төреші болады, ал Долгих үш ойынның бәрінде көмекші төреші ретінде шығады.
Лига B-ның B2 тобында Босния және Герцеговина, Дания, Грузия құрамалары және турнир иесі Сан-Марино ойнайды. Жаңа форматқа сай іріктеу үш кезеңнен тұрады: Лига B-дағы жеті топтың жеңімпаздары Лига A-ға көтеріліп, 2027 жылдың көктемінде финалдық кезеңге жолдама үшін күреседі. Жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының өзі 2027 жылғы 18 маусым мен 1 шілде аралығында Чехияда өтеді.
УЕФА-дан Қазақстан Футбол Федерациясы төрешілер департаментінің директоры, португалиялық Нуну де Каштру да тағайындау алды. Осы күндері ол 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының Даниядағы іріктеу турнирінде үш матчқа инспектор болады. Онда Дания, Ирландия, Уэльс және Эстония құрамалары ойнайды. Инспектор төрешілер бригадасының жұмысын бағалайды, ал оның есебін УЕФА төрешілерді даярлауда пайдаланады.
Оралдық Сариев – Қазақстан Премьер-лигасының жетекші төрешілерінің бірі. 7 қарашада ҚФФ оған Түркістанда өткен «Ордабасы» мен «Қайсар» арасындағы Қазақстан кубогының финалын сеніп тапсырды. Сол ойында шымкенттіктер тарихта алғаш рет алтын дубль жасады. 2025 жылдың жазында Сариев Словакияда өткен жастар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық турнирінде төртінші төреші болып жұмыс істеді.
Де Каштру үшін бұл күзгі алғашқы халықаралық тағайындау емес: қазан айында ол Еуропа лигасындағы «Бешикташ» – «Кристал Пэлас» матчына инспектор болған.



