Еңбекмині төрт жәрдемақыны тағайындау және төлеу ережесін өзгертті. Олар — бала туғанда берілетін жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне арналған жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға және марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы. Министрдің бұйрығына 30 қазанда қол қойылды. Жаңа ереженің негізгі бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан, ал кейбір нормалары 18 қарашадан бастап күшіне енеді.
18 қарашадан бастап ата-ана қаласа, баланың тууын тіркеуді және жәрдемақыға өтінішті бір кешенді қызмет арқылы рәсімдей алады. Өтініште қате болса немесе құжат жетіспесе, ол электрондық кезекке қойылып, өтініш берушіге хабарлама жіберіледі. Қатені түзетуге екі жұмыс күні беріледі, бұл ретте өтініш берілген күн сақталады. Уақытында түзетілмесе, өтінішті қабылдаудан бас тартылады. Егер деректер мемлекеттік жүйелерде бар болса, туу және неке туралы куәліктерді, бала асырап алу не қорғаншылық құжаттарын, оқу орнынан анықтаманы және шот нөмірін әкелудің қажеті жоқ.
Енді міндетті шарттың бірі — дербес деректерді жинауға және тексеруге келісім беру. Оған банк құпиясы мен кредиттік бюродағы қарыз туралы мәліметтер де кіреді. Мұндай келісім болмаса, өтініш қабылданбайды, ал жәрдемақы алып жүргендердің төлемі тоқтатыла тұрады. Төлем адам келісім берген күннен бастап қайта жалғасады.
Отбасының әл-ауқат деңгейі туралы мәлімет әр айдың 25-күні Отбасының цифрлық картасынан «Е-макет» жүйесіне жіберіледі. Отбасы A немесе B санатына жатқызылса, төлем келесі айдың 1-күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Санат C, D немесе E болып өзгерсе, жәрдемақы қайта төленеді. Жасына байланысты зейнетақы алатын марапатталған аналарға бұл талап қолданылмайды.
Бала күтіміне арналған жәрдемақы өзге жағдайларда да тоқтатыла тұрады:
- банк шоты бойынша үш ай және одан да ұзақ уақыт шығыс операциясы болмаса;
- алушы шетелге тұрақты тұруға кетсе немесе бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатса;
- адам әлеуметтік мекемеде мемлекеттің толық қамтамасыз етуінде тұрса немесе хабарсыз кеткен ретінде іздестіруге жарияланса;
- шетелдіктің құжатының немесе қандас куәлігінің мерзімі өтіп кетсе.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны тоқтатудың негіздері де осыған ұқсас. Сонымен қатар бала 18 жасқа толғанда төлем тоқтатылады, бірақ ол күндізгі бөлімде оқыса, жәрдемақы 23 жасқа дейін төлене береді.
Бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақыдан енді өтініш жазып, өз еркімен бас тартуға болады. Төлем келесі айдың 1-күнінен бастап тоқтатылады. Кейін қайта өтініш берілсе, жәрдемақы жаңа өтініш берілген күннен бастап төленеді.
Атаулылық қағидатын Үкімет қазан айында бекіткен: 2027 жылдан бастап A және B санатындағы отбасылар жәрдемақының 10 түрін ала алмайды. Отбасының санатын цифрлық карта мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерге сүйеніп өзі анықтайды, ал жәрдемақы алушылар оны eGov Mobile-дағы әл-ауқат калькуляторы арқылы алдын ала шамалап көре алады.



