Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

АҚШ Иранмен байланысты үш адамды Еуропадағы шабуылдар үшін айыптады

Әділет министрлігінің мәліметінше, айыпталушылардың екеуі Иранда болған, ал үшіншісі дайындықты Нью-Йорктегі түрмеден Ирактағы туыстары арқылы үйлестірген.

Американский бомбардировщик B-1B Lancer садится на авиабазу Фэрфорд в Великобритании
Фото: Reuters

АҚШ Әділет министрлігі 10 қарашада прокурорлар Иранның қолдауымен әрекет ететін агенттер деп атаған үш ер адамға айып тақты. Тергеу нұсқасы бойынша, олардың Еуропа мен АҚШ-та жасалған 20-ға жуық шабуылға және шабуыл әрекетіне қатысы бар. Сондай-ақ олар қыркүйекте америкалық бомбалаушы ұшақтар тұрған Ұлыбританиядағы Фэрфорд әуе базасына шабуыл дайындаған.

Айыпталушылар — Ирак пен Иран азаматы, 32 жастағы Мохаммад Бакир әс-Саади, 48 жастағы ирандық Мохсен Мохаджери және 35 жастағы ирактық Мохаммад Әли әл-Хасани. Әс-Саади көктемнен бері АҚШ түрмесінде отыр. Әділет министрлігінің дерегінше, қалған екеуі шабуыл дайындалып жатқанда Иранда болған. Оларға сегіз бап бойынша айып тағылды. Солардың ішінде «Катаиб Хезболла» тобы мен Ислам революциясы сақшылары корпусына (ИРСК) көмектесу және терроризмді қаржыландыру бар. Ең ауыр баптар бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айыптау нұсқасы бойынша, Фэрфордқа шабуыл дайындығын әл-Хасани басқарған. Ол алдымен базаны бақылау үшін, кейін фургондарға, жанармай толы бөшкелерге және жарқыншақ ретінде қолдануға болатын металл заттарға ақша төлеген. Әс-Саади бәрін түрмеден Ирактағы туыстары арқылы үйлестірген. 24 қыркүйекте ол оларға «бұны жасай алуымыз үшін оған ақша беріңдер» деп тапсырған көрінеді. 26 қыркүйекте үш фургон базаға қарай жүрді, бірақ кемінде екеуін күзет бекетінде кері қайтарды. 27 қыркүйекте таңертең Ұлыбритания полициясы фургондардағы адамдарды ұстады.

Қалған эпизодтар көктемге қатысты. Тергеу дерегінше, сол кезде HAYI тобы Еуропадағы 18-ге жуық шабуылды өз мойнына алған. Олардың арасында өртеу, жарылыс және Лондонда екі еврейге пышақпен шабуыл жасау бар. Шабуылдардың жетеуі Ұлыбританияда болған. Прокурорлардың пайымынша, әс-Саади АҚШ-та да шабуыл ұйымдастыруға, соның ішінде Манхэттендегі синагоганы нысанаға алуға әрекеттенген. Маусымда ол кінәсін мойындамай, өзін «әскери тұтқынмын» деп атаған.

«Америка әскерилері қызмет ететін әскери базаға террорлық шабуыл жоспарлаған кез келген адам жауапқа тартылады», — деді АҚШ бас прокуроры Тодд Бланш.

Ұлыбританияда бұл іс бойынша алты адам ұсталды, олардың екеуіне ұлттық қауіпсіздік туралы заң бойынша айып тағылды. Оқиғадан кейін АҚШ B-1 бомбалаушы ұшақтарын базадан әкетті. Al Jazeera хабарлауынша, Иран бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып келеді, ал жаңа айыптарға әзірге жауап берген жоқ.

Фэрфорд — Ұлыбритания Корольдік әуе күштерінің Лондоннан батысқа қарай шамамен 160 км жердегі базасы. Оны АҚШ әскерилері 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы кезінде пайдаланған. Жақында Франция да ИРСК-ны жүздеген супермаркеттің тоңазытқышын бұзды деп айыптады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз