Алматы халықаралық әуежайында мердігер компанияның жұмысшысы қаза тапты. Жазатайым оқиға құрылыс жұмыстары жүріп жатқан перрон учаскесінде болған. Бұл туралы 11 қарашада әуежайдың баспасөз қызметі мен Көліктегі полиция департаменті хабарлады.
Көліктегі полиция адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. «Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», – деді полицияда. Қаза тапқан адамның аты-жөні мен жасы, компанияның атауы және оқиғаның егжей-тегжейі әзірге айтылмай отыр.
Әуежай мемлекеттік органдарға көмектесіп, тергеумен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Алайда тергеу аяқталғанға дейін қосымша түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін айтты. Әуежайда марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қылмыстық кодекс бойынша еңбекті қорғау қағидаларын бұзу абайсызда адамның өліміне әкеп соқса, жұмысты ұйымдастыруға және қауіпсіздікті қадағалауға тиіс адам жауап береді. Оған бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, сондай-ақ сот үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым сала алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне қарағанда, 2025 жылы Қазақстанда өндірісте 188 адам қаза тапқан, одан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 202 болған. Зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия саласында – 16%, екінші орында құрылыс – 10%.



