Қазақстандық комик Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруге салынған тыйымды 100 млн рубльге алып тастауды ұсынған. Бұл жарты миллиард теңгеден асады. Ресейлік SHOT Telegram-арнасының 10 қарашадағы хабарына қарағанда, әртістің менеджеріне бір адам хабарласып, билікпен келісіп, Сабуровтың тегін арнайы тізілімнен алып тастай алатынын айтқан. Арнаның дерегінше, комиктің өкілі полицияға жүгінген.
Mash арнасы бұл оқиғаны толығырақ баяндайды. Оның мәліметінше, ақшаны бұрынғы күштік құрылым қызметкері мен оған делдал болған әйел талап еткен. Қазан айының ортасында әртіс тарапы оларға соманың бір бөлігін берген, содан кейін екеуі де ұсталған. Бопсалау бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, ол әлі сотқа жіберілмеген.
Mash жазғандай, Сабуровтың өзі бұл істен хабардар және тергеумен ынтымақтасып отыр. Комик айғақ беру үшін Ресейге баруға дайын. Әзірге ол да, командасы да бұл жағдайға көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.
Сабуровқа Ресейге кіруге 2026 жылғы ақпанда 50 жылға тыйым салынған. Комикті Дубайдан ұшып келген кезде Внуково әуежайындағы төлқұжат бақылауында тоқтатқан, келесі күні ол Алматыға ұшып кетті. Сол кезде РИА Новости дереккөзі бұл шешімді ұлттық қауіпсіздік мүддесімен және «дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғаумен» түсіндірген еді. Осыдан кейін Сабуровтың Ресей қалаларындағы концерттері тоқтатылды. Ал 9 қарашада комиктің Sabr Production фирмасының мемлекеттік тізілімдегі мекенжайы шынайы емес деп танылғандықтан, оның 2029 жылға дейін Ресейде бизнес аша алмайтыны белгілі болды.
Нұрлан Сабуров — орыстілді интернеттегі ең танымал стендап-комиктердің бірі. Көпшілік оны «Что было дальше?» шоуы арқылы біледі.



