Қазақстандық комик Нұрлан Сабуров 2029 жылғы 25 наурызға дейін Ресейде жаңа компания тіркей алмайды. РИА Новости Федералдық салық қызметінің деректеріне сілтеме жасап хабарлағандай, бұған оның Sabr Production фирмасының заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміндегі (ЕГРЮЛ) мекенжайының дұрыс болмауы себеп болған.
Ресей заңы бойынша, тізілімде дұрыс емес мәлімет туралы жазбасы бар компанияны бұрын басқарған немесе онда бақылау үлесіне ие болған адамға салық қызметі бизнес тіркеуден бас тарта алады. Салықшылар Sabr Production-ды 2026 жылғы 25 наурызда тексеріп, оның жұмыс істеп тұрғанын көрсететін белгі таппаған, ал көрсетілген мекенжайды дұрыс емес деп таныған.
Компания 2025 жылғы сәуірде фильм, бейне және телебағдарлама шығару үшін тіркелген. Оның 2025 жылғы таза пайдасы 14,3 млн рубль болған, ал 2026 жылғы қазанда фирманың таратылатыны белгілі болды. Сәуірде комиктің компаниясы Ресейдегі салық қарызын өтеген, ал жұбайы Диана Сабурова сол елде Cadillac Escalade көлігін сатқан.
Нұрлан Сабуров – орыс тілді интернеттегі ең танымал стендап-комиктердің бірі, оны «Что было дальше?» шоуы арқылы біледі. 2026 жылғы ақпанда оған Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды: комик Дубайдан ұшып келген кезде Внуково әуежайындағы төлқұжат бақылауында тоқтатылып, келесі күні Алматыға ұшып кетті. РИА Новости дереккөзі бұл шешімді ұлттық қауіпсіздік мүддесімен және «дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғаумен» түсіндірген. Осыдан кейін Сабуровтың Ресей қалаларындағы концерттері тоқтатылды.



