Әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімова үлкен ұлы Нарұлға көптен армандаған тұлпарын сыйлады. Баланың қуанған сәтін Жұлдыз Instagram-да жариялады.
Әбдікәрімованың айтуынша, Нарұл бірнеше жылдан бері ат спортымен айналысып, жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ол талай рет аттан құлап, жарақат алған, бірақ жылқыға деген ықыласы арта берген. Бос уақытының көбін атқорада өткізеді: аттарды күтеді, қорасын тазалайды, жем береді. Мұны көрген ата-анасы биыл ұлына өзі таңдаған атты сатып алып беруге шешті.
Қайрат ол кезде іссапарда жүргендіктен, сыйлық табыстау сәтінде болған жоқ. Жұлдыз ұлына «Құлыным, азаматқа қазанат серік болсын!» деп ақ батасын берді.
Жұлдыз Әбдікәрімованың сыйлық табыстау сәтін көрсеткен видеосы:
Қайрат Нұртас – Қазақстандағы ең танымал эстрада әншілерінің бірі, Жұлдыз Әбдікәрімова – актриса. Биыл күзде Нұртас сахнадағы 20 жылдығын ауқымды концерттермен атап өтті: 27 қыркүйекте «Астана Арена» стадионына 35 мыңға жуық көрермен жиналса, 4 қазанда Алматының Орталық стадионында өткен «Сахнада 20 жыл» мерейтойлық шоуына 40 мыңдай адам келді. Бұған дейін ерлі-зайыптылар кенже қызы Рабия Сұлтанның бір жасқа толуын тойлаған.



