Мазмұнға өту

Өзбекстан 2027 жылдан бастап мақтаны тек машинамен жинайды

Комбайн кіре алмайтын 53 мың гектарға жуық алқапқа енді көкөніс пен басқа да азық-түлік дақылдары егіледі.

Уборка хлопка в Узбекистане
Фото: Минсельхоз Узбекистана

Өзбекстан келесі жылдан бастап мақтаны қолмен жинаудан толық бас тартады: 2027 жылдан өнімді тек машинамен жинайды. Бұл туралы елдің Ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов 6 қарашада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Gazeta.uz. «Біздің басты стратегиялық міндетіміз – мақтаны қолмен жинаудан толық бас тарту. Келесі жылы 100 пайызға көшеміз», – деді министр.

Биыл елде 5 млн тоннадан астам мақта шикізаты жиналды. Мұндай көрсеткішке соңғы 35 жылда алғаш рет қол жетті. Былтыр өнім шамамен 4 млн тонна болған. Министрдің айтуынша, егіннің 75–80 пайызын машиналар жинаған, ал үкімет деректері бойынша бұл үлес шамамен 85 пайызды құрайды. Сырдария және Жизақ облыстарында мақтаны қазірдің өзінде тек техника жинайды. Алқапта 3 мыңға жуық мақта теретін машина жұмыс істеді, олардың жартысы биыл сатып алынған. Қолмен егіннің шамамен 20–23 пайызы жиналды, негізінен шағын учаскелер мен бақ арасындағы алқаптарда. 2027 жылы орташа өнімділікті гектарына 70 центнерге жеткізіп, 6 млн тоннадан астам мақта жинау көзделіп отыр.

Комбайн кіре алмайтын 53 мың гектарға жуық алқапқа біртіндеп көкөніс пен басқа да азық-түлік дақылдары егіледі. Мақта теретін техниканы Өзбекстанның өзінде Қытай компанияларымен бірлесіп шығару қолға алынды: FM World – Қашқадария облысында, Swan – Ферғана алқабында. Министр машинаға көшу бұрын мақта алқабында жұмыс істегендерді табыссыз қалдырмауы керек екенін мойындады. Ол мұның орнын тоқыма өнеркәсібін дамыту арқылы толтыруды ұсынды.

Министрліктің айтуынша, биыл адамдарды мақта теруге ешкім мәжбүрлеген жоқ. «Біз ешкімге адамдарды мақта жинауға мәжбүрлеуді тапсырған жоқпыз», – деді Абдурахмонов. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дилшод Назиров қолмен теруге тек техника бұрылатын ені 11 метрлік технологиялық жолақтарда ғана рұқсат етілгенін нақтылады. Ведомство алқапқа балалар мен студенттердің тартылмауын қадағалап отыр.

Өзбекстанда мақта жинауды машинаға көшіру жоспары 2013 жылдан бері бірнеше рет жарияланған. 2026 жылғы ақпанда Президент өткізген кеңесте механикаландыру деңгейі 52 пайыз деп аталып, оны кемінде 70 пайызға жеткізу міндеті қойылған еді. Мақта алқаптарындағы мәжбүрлі еңбекке байланысты халықаралық Cotton Campaign коалициясы 2011 жылы өзбек мақтасына бойкот жариялап, оны 2021 жылы тоқтатқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз