Мазмұнға өту

Ұлттық банк 2027 жылы үш жаңа төлем қызметін іске қоспақ

QR-коды бар жапсырмалар тұрақтарға, ХҚКО-ларға және көлікке арналған, ал жүйе арқылы төлегені үшін сатып алушы ақы төлемейді.

Заместитель председателя Национального банка Казахстана Бинур Жаленов
Фото: Instagram Бинура Жаленова

Ұлттық банктің банкаралық мобильді төлемдер жүйесінде 2027 жылы үш жаңа қызметті іске қосу жоспарланып отыр. Олар – түрлі банк клиенттерінің бір-біріне төлем шотын жіберуі, интернетте карта деректерін енгізбей сатып алу және жапсырма түріндегі QR-кодтар. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты. Техникалық жағынан қызметтер дайын, қазір оларға банктер қосылып, ішкі процестерін бейімдеп жатыр.

Алғашқы қызмет әлемдік тәжірибеде Request to Pay деп аталады. «Кәсіпкер немесе жеке тұлға шот жібереді, ал алушы оны өз банкінің қосымшасынан көріп, төлемді бір басумен растайды. Деректемелерді айтып беру немесе скриншот жіберу қажет емес», – деді Жәленов. Оның айтуынша, қызметтерге, жалдау ақысына немесе әлеуметтік желілердегі тапсырыстарға осылай төлеу ыңғайлы.

Қалған екі қызмет сатып алу кезіндегі төлемге қатысты. Сайттар мен маркетплейстерде сатып алушы банкаралық жүйені таңдайды да, автоматты түрде өз банкінің қосымшасына өтіп, төлемді сол жерде растайды, карта нөмірін енгізудің керегі болмайды. Статикалық QR – кассалық терминал жоқ жерлерге арналған код жапсырмасы. Оны тұрақтарда, ХҚКО-ларда, қоғамдық көлікте және шағын сатушылар қолдана алады. «Сатып алушы кодты сканерлеп, соманы енгізеді де, төлейді», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Ұлттық банк өз жүйесін БАӘ, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Индонезиядағы осындай жүйелермен байланыстырғысы келеді. Сонда қазақстандықтар шетелде сатушының QR-кодын сканерлеп, өз банкінің қосымшасы арқылы төлей алады, ал шетелдіктер Қазақстанда дәл осылай есеп айырыса алады. Қыркүйекте Жәленов Қытайда QR арқылы төлеуді 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланғанын айтқан еді.

Банкаралық жүйе 2026 жылғы 19 шілдеден бері толық көлемде жұмыс істеп тұр: оған барлық банк қосылған, клиенттер телефон нөмірі арқылы ақша аударып, кез келген банктің терминалында бірыңғай QR арқылы төлейді. «Сатып алушы үшін мұндай төлем тегін», – деп атап өтті Жәленов. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, қыркүйектің басына қарай жүйе арқылы шамамен 400 млрд теңгеге 20 млн-нан астам операция жасалған. Жазда Ұлттық банк жаңа қызметтерді 2026 жылдың соңына дейін іске қосуды көздеген еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз