Мазмұнға өту

Ресей дроны Одессада мектеп азығы қоймасын атқылап, 3 адам қаза тапты

Балабақшалар мен мектептерге арналған азық-түлік сақталған қойма реактивті шабуылдаушы дрон тигеннен кейін өртенді.

Последствия удара российского дрона по складу продуктов для детсадов и школ в Одессе
Фото: Одесская ОВА

9 қараша, дүйсенбі күні таңертең Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Қара теңіз жағасында орналасқан ең ірі порт қаласы Одессадағы азық-түлік қоймасына реактивті шабуылдаушы дронмен соққы берді. Үш адам қаза тауып, тағы үш адам жараланды. Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипердің айтуынша, қоймада балабақшалар мен мектептерге арналған азық-түлік сақталған.

Қаза тапқандардың арасында екі әйел мен бір ер адам бар. Ауыр жарақат алған тағы бір әйел ауруханаға жеткізілді. Кейін 41 және 46 жастағы екі ер адам дәрігерге қаралды, осылайша жараланғандар саны үшеуге жетті. «Жаудың кезекті шабуылы Одессада үш адамның өмірін қиды», — деп жазды Кипер. Ол қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.

Дрон тигеннен кейін қоймада өрт шықты, оны ТЖМ-нің 40-тан астам құтқарушысы сөндірді. Кәсіпорынның жабдықтары да зақымданды. Одесса қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак Ресей әскерилері қаладағы инфрақұрылым нысанына шабуыл жасағанын растады. Реактивті дрон — Ресей өз аумағында шығаратын ирандық «Шахед» шабуылдаушы дронының жылдамырақ нұсқасы.

Балаларға арналған азық-түлік қоймасына соққы беру — бейбіт қалаға жасалған тағы бір лаңкестік шабуыл: мұндай нысандардың әскерге ешқандай қатысы жоқ. Одесса облыстық әскери әкімшілігінің мәліметінше, сол күні Ресей әскері Одесса облысындағы логистикалық кәсіпорынға үшінші рет соққы берді. Онда техника зақымданған, зардап шеккендер жоқ.

Одесса мен облыс — Ресей соққыларының басты нысаналарының бірі. 8 қарашаның кешінде Ресей өңірдің энергетика нысандарына жаппай шабуыл жасап, облыстың солтүстігінде жарық сөнді. Ал 9 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаға 317 шабуылдаушы дрон ұшырды. Екі күн бұрын Ресей дрондары Одессада бір адамның өмірін қиған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз