Мазмұнға өту

Александра Ле Дохадағы әлем чемпионатында жетінші орын алды

Әлем чемпионы атағын сербиялық Александра Стоядинович жеңіп алды, ал финалдың үш жүлдегері де өз елдеріне 2028 жылғы Олимпиаданың лицензиясын әперді.

Александра Ле на чемпионате мира по стрельбе в Дохе

Қазақстандық мерген Александра Ле Дохада (Катар) өтіп жатқан оқ ату спортынан әлем чемпионатының финалында жетінші орынға тұрақтады. Ол 9 қарашада шағын калибрлі мылтықпен 50 метрден үш қалыптан — тізерлеп, жатып және тұрып ату жарысына қатысты.

Бұл сайыстың финалына іріктеудің үздік сегіз қатысушысы өтеді. Ле 590 ұпаймен алтыншы нәтиже көрсетіп, солардың қатарына енді. Іріктеуде британиялық Сионед Макинтош 597 ұпаймен бірінші болды, одан кейінгі орындарды норвегиялық Жанетт Хегг Дуэстад (594) пен сербиялық Александра Стоядинович (593) иеленді.

Финалда алтын медальды Стоядинович жеңіп алды, күміс Оңтүстік Кореяның спортшысы О Сехиге, қола жапониялық Мисаки Нобатаға бұйырды. Жүлдегерлер медальмен қатар өз құрамаларына Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Олимпиаданың лицензиясын да алды.

Ле — Қазақстанның оқ ату құрамасының көшбасшыларының бірі. 2024 жылы Париж Олимпиадасында ол Ислам Сәтпаевпен бірге пневматикалық мылтықтан аралас командалық жарыста қола медаль алған. Бұл медаль сол Ойындарда Қазақстанның қоржынына түскен алғашқы жүлде болды.

Дохадағы әлем чемпионаты 1–14 қараша аралығында өтіп жатыр. Турнирде Қазақстанға алғашқы медальды Ирина Юнусметова әперді: ол шағын калибрлі тапаншамен 50 метрге ату жарысында қола алды. Ал стендтік оқ атуда Әсем Орынбай скитте бесінші орын алып, Қазақстанға 2028 жылғы Олимпиаданың алғашқы лицензиясын жеңіп алды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз