Мазмұнға өту

Nvidia Хуангтың ҚХР тыңшысы деп күдіктелген әйелмен байланысын тексереді

АҚШ Өкілдер палатасындағы республикашылдар Хуангты 18 қарашада Конгресте жауап беруге шақырды.

Штаб-квартира Nvidia в Санта-Кларе, Калифорния
Фото: NVIDIA

Жасанды интеллектке арналған чиптерді әзірлеуден әлемде көш бастап тұрған американдық Nvidia компаниясының директорлар кеңесі компания басшысы Дженсен Хуангқа қатысты тәуелсіз тергеу бастады. Хуанг қытайлық кәсіпкер Алиса Хуангпен жақын қарым-қатынаста болғанын мойындады. The New York Times мәліметінше, американдық барлау қызметтері оны ҚХР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің агенті деп санайды. Компания тексеріс туралы 8 қарашада, жексенбі күні мәлімдеді.

Тергеуді тәуелсіз директорлар комитеті сырттан тартылған заңгерлермен бірге жүргізеді. Кеңес АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне немесе компания құпияларына нұқсан келді деп санауға негіз көрмейтінін және Хуангқа сенім артатынын мәлімдеді – ол Nvidia-ны басқаруды жалғастырады. Хуанг қызметкерлерге жазған хатында әйелін алдағанын мойындады. «Жасаған ісіме ешқандай ақтау жоқ. Қатты өкінемін», – деп жазды ол және тергеумен толық ынтымақтасатынын айтты.

The New York Times дерегінше, Алиса Хуанг бұрын Қытайда телерепортер болып жұмыс істеген, кейін сингапурлық Megaspeed дата-орталықтар операторын басқарған. Бұл компания – Nvidia-ның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі сатып алушыларының бірі: екі жылда ол шамамен 4,8 млрд долларлық жабдық сатып алған. AP хабарлауынша, Megaspeed озық чиптерді Қытайға заңсыз өткізді деп күдіктеледі.

Бейжің бұл айыптауларды жоққа шығарды. «Қытай тыңшылығы туралы айыптаулардың ешқандай негізі жоқ. Бұл – Қытайға жала жабудан басқа ештеңе емес», – деді 9 қарашада ҚХР СІМ ресми өкілі Го Цзякунь.

АҚШ Конгресі түсініктеме талап етті. Өкілдер палатасындағы республикашылдар Джон Муленар, Брайан Маст және Рик Кроуфорд Хуангты 18 қарашада жауап беруге шақырды, ал демократ сенатор Элизабет Уоррен Хуанг пен директорлар кеңесі «Конгреске жауап беруге міндетті» екенін айтты. АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Хуангтың жаман іс істегенін естімегенін айтты: «Ол біреумен араласқан, бірақ мұны бәрі істейді».

Хуанг 1993 жылы Nvidia-ның негізін қалаушылардың бірі болды және содан бері компанияны басқарып келеді. Бұған дейін ол Трамптан Қытайға H200 чиптерін сатуға рұқсат алған. Компания Қазақстан үшін де маңызды: NVIDIA – Екібастұздағы «ДӨО алқабы» жобасының технологиялық серіктесі.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз