Мазмұнға өту

Шарын маңында көліктен қарақұйрыққа ұқсас бес ұша табылды

Полиция заңсыз аң аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, ал жануарлардың түрі мен жынысын сараптама анықтайды.

Джейраны в Чарынском национальном парке, кадр фотоловушки
Фото: Минэкологии РК

Шонжы – Көкпек – Алматы тас жолында тоқтатылған көліктен қарақұйрыққа ұқсас бес жануардың ұшасы табылды. Көлікті 7 қарашада рейд кезінде Шарын ұлттық паркінің инспекторлары Ұйғыр ауданының полициясымен бірге тоқтатқан. Бұл туралы Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, көліктегі адамдардың заңсыз аң аулауға қатысы болуы мүмкін. Ведомство мәліметінше, аң бір күн бұрын, 6 қарашада, Шарын ұлттық паркінің Темірлік учаскесі маңында ауланған.

Полиция Қылмыстық кодекстің 337-бабының 4-бөлігі («Заңсыз аң аулау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап, көлікте болғандардың аң аулауға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Көлікте неше адам болғанын және олардан қару табылған-табылмағанын комитет нақтыламады. Жануарлардың нақты түрі мен жынысын сараптама анықтайды.

Қарақұйрық Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, оны аулауға тыйым салынған. Экология министрлігі қаңтарда Шарын паркіндегі қарақұйрық саны 700-ден асқанын хабарлаған. Ал 2004 жылы парк құрылған кезде олар небәрі 78 болған. Жазда осы ұлттық парктегі фототұзаққа қарақұйрықтар түскен еді.

Осындай оқиға 2025 жылғы қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданында да болған. Сонда инспекторлар төрт жергілікті тұрғын мінген УАЗ көлігін тоқтатып, ішінен Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтың ұшасын, екі қоянның ұшасын, қолдан жасалған прожектор мен екі аңшы мылтығын тапқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз