17 қарашадан бастап Қазақстандағы жұмыс берушілер қызметкерлердің жалақысынан төленетін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді «Салық төлеушінің кабинетіндегі» «Бір батырмамен есептеу» («Расчет в один клик») сервисі арқылы автоматты түрде есептей алады. Бұл — бүкіл ел бойынша іске асырылатын пилоттық жоба: оған қатысу ерікті, ал жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Қағидаларды Қаржы министрлігі 30 қазандағы № 728 бұйрығымен бекітті.
Бизнес үшін ең бастысы — есептілік азаяды. Егер жұмыс беруші жалақы бойынша міндеттемелерін сервис арқылы толық төлесе, осы сомалар бойынша оған 200.00 нысанындағы декларацияны тапсырудың қажеті жоқ. Бұл — жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша тоқсан сайын тапсырылатын декларация, оны қазір жалдамалы қызметкерлері бар компаниялар мен ЖК толтырады.
Сервис былай жұмыс істейді. Жұмыс беруші қызметкердің ЖСН-ін және кезең үшін есептелген жалақысын көрсетеді, қажет болса салық режимін, ал қызметкер өтініш жазған болса, шегерімді енгізеді. Одан кейін жүйе Еңбек министрлігінің деректерін өзі сұратады: адамның әлеуметтік мәртебесін, жеңілдіктері мен босатуларын. Соның негізінде ол жалақыдан төленетін барлық төлемді есептеп, ортақ шот құрастырады:
- жеке табыс салығы (ЖТС);
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және, егер көзделсе, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ);
- әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік салық;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналары;
- жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ).
Автоматты есептеу ақша жұмыс берушінің келісімінсіз шегеріледі дегенді білдірмейді. Ол сомаларды өзі тексеріп, растайды, содан кейін төлем тапсырмаларын банкке жіберу-жібермеуді шешеді. Бастапқы деректерге де жұмыс беруші жауап береді. Жалақы өзгерсе, қосымша төлем болса немесе қызметкердің мәртебесі ауысса, сондай-ақ жүйе жеңілдікті не мөлшерлемені қате анықтаса, есепті түзетуге болады. Банк төлем тапсырмасын қайтарса, сервис оның күйін көрсетеді, ал қайта төлеу үшін жаңа тапсырма жасау керек.
Сервистен кез келген уақытта бас тартуға болады — оны пайдалануды тоқтатса жеткілікті, салық органына хабарлаудың қажеті жоқ. Сервис арқылы төленген сомалар есепке алынады, ал қалған төлемдерді жұмыс беруші әдеттегідей төлеп, есептілікте көрсетеді.
Пилот 2026 жылғы 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін туындаған міндеттемелерге қатысты. Оған мемлекеттік кірістер органдары, жұмыс берушілер — компаниялар, ЖК және жеке практикамен айналысатын тұлғалар — және екінші деңгейдегі банктер қатысады. Сынақ сәтті өтсе, сервисті 2027 жылғы қаңтардан бастап тұрақты түрде іске қосу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін жұмыс беруші немесе оның бухгалтері жалақыдан төленетін әр салық пен жарнаны өзі әрі жеке-жеке есептеп келді.



