Мазмұнға өту

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі сатылымын 2027 жылдан қатаң тексермек

Заң бұзушылардың қызметі уақытша тоқтатылып, жекелеген дәрілерді сатуға тыйым салынуы немесе олар айналымнан алынуы мүмкін.

Лекарственные препараты в упаковках
Фото: Magnific

Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сатылуын қатаң тексеруді ұсынып отыр. Бұл талап дәріханаларға, маркетплейстерге, әлеуметтік желілерге және өзге де сауда алаңдарына қатысты. Министрлік Ұлттық экономика министрлігімен бірлескен бұйрықтың жобасын әзірледі: онда инспекторлар басшылыққа алатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтары өзгереді. «Жаңа шаралар азаматтарды сапасыз әрі тіркелмеген препараттардан қорғауға бағытталған», – деп хабарлады министрлік.

Тексерушілер ең алдымен заң бұзушылықтың төрт түріне назар аударады:

  • дәріні лицензиясыз сату;
  • тіркелмеген, жалған және сапасыз препараттарды сату;
  • құрамында есірткі, психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілерді рецептсіз босату;
  • дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың жұмысына қойылатын міндетті талаптарды сақтамау.

Заң бұзушылық анықталса, заңнама мүмкіндік берген жағдайда ведомство сатушының жұмысын уақытша тоқтатуға, белгілі бір дәріні сатуға тыйым салуға немесе оны айналымнан алып тастауға құқылы болады.

Дәріханаларды, фармацевтикалық ұйымдарды және нарықтың өзге де қатысушыларын профилактикалық тексеру тәртібі де өзгереді. Кімді бірінші кезекте тексеретіні тәуекел деңгейіне қарай анықталады: бұрынғы заң бұзушылықтар, өткен тексерулердің қорытындысы, мемлекеттік органдардан түскен мәліметтер және тергеу материалдары ескеріледі. Инспекторлар алдымен адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заң бұзушылық белгілері бар ұйымдарға барады.

Министрліктің Telegram-арнасындағы жаңа талаптар туралы хабарламасы:

Дәрінің заңды екенін сатып алушы қазірдің өзінде тексере алады. Қазақстанда препараттар арнайы кодпен таңбаланады, оны тегін Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеуге болады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сол қосымшадан препараттың шекті бағасын біліп, бағаны асырып сатқан дәріханаға шағым түсіруге болады. Кез келген дәріні қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесіңіз.

Әзірге құжат жоба күйінде тұр: түпкілікті талаптар бұйрық бекітілгеннен кейін белгілі болады. Бұған дейін, 2026 жылғы 3 қарашада, министрлік 2027 жылдан бастап дәрілер мен медициналық бұйымдардың үлгілерін сатылымнан ескертусіз алып, тексере алатынын, ал заң бұзылған жағдайда тіркеу куәліктерінің қолданылуын уақытша тоқтата алатынын хабарлаған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз