9 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 317 шабуылдаушы дронмен шабуыл жасады, оның 105-і – реактивті «Шахедтер». Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері хабарлағандай, Киев уақытымен 08:00-ге (Астана уақытымен 11:00) қарай украин әуе қорғанысы 276 дронды атып түсірді немесе басып тастады. Алайда 31 жерде соққы тіркелді, тағы тоғыз жерге атып түсірілген нысаналардың сынықтары құлады. Жараланғандардың арасында Изюм, Кременчуг, Сумы қалалары мен Запорожье облысының бейбіт тұрғындары бар, олардың ішінде жасөспірімдер де бар. Соққылар тағы да энергетика нысандарына, тұрғын үйлер мен кәсіпорындарға тиді.
«Шахед» – Ресей өз елінде шығарып, украин қалаларына жүздеп ұшыратын ирандық шабуылдаушы дрон. Оның реактивті нұсқасы әдеттегіден әлдеқайда жылдам ұшады, сондықтан оны атып түсіру қиынырақ.
Түн ең ауыр Изюмде өтті. Бұл – Харьков облысының шығысындағы, майдан шебіне жақын қала. Киев уақытымен шамамен 02:40-та (Астана уақытымен 05:40) Ресей әскері қаланы дрондармен және басқарылатын авиабомбамен атқылады. Харьков облыстық әскери әкімшілігі мен қалалық әскери әкімшіліктің дерегінше, жасы 19 бен 68 аралығындағы төрт әйел және 75 жастағы ер адам жараланды. Тағы төрт адам, оның ішінде 17 жастағы жігіт пен 14 жастағы қыз, қатты күйзеліске ұшырады. Пески мен Нефтяник аудандарында он шақты тұрғын үй, шаруашылық құрылыстары мен көліктер қирады немесе зақымданды, ал бомба жұмыс істемейтін кәсіпорынның әкімшілік ғимаратын қиратты.
8 қарашаның кешінде ресейлік дрондар ел орталығындағы Полтава облысының өнеркәсіпті қаласы Кременчугтағы тұрғын алап пен кәсіпорынға шабуыл жасады. Жеті адам зардап шекті, олардың арасында 16 жастағы жасөспірім бар. Запорожье облысында басқыншылар бір тәулікте 52 елді мекенге 819 рет соққы берді, алты адам жараланды, оның ішінде бала бар.
Таңертең Сумыда ресейлік FPV-дрон «Укрэнерго» энергетиктері мінген көлікті көздеп соқты. Сумы – елдің солтүстік-шығысындағы, Ресей шекарасынан бірнеше ондаған шақырым жердегі облыс орталығы. Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Григоровтың айтуынша, үш қызметкер ауруханаға жеткізілді, олардың бірінің жағдайы ауыр, оған ота жасалып жатыр. FPV-дрон – операторы камера арқылы нақты уақытта басқаратын шағын ұшқышсыз аппарат. «Укрэнерго» компаниясы Ресей энергожүйені ғана емес, оны қалпына келтіріп жүрген адамдарды да нысанаға алып отырғанын мәлімдеді.

Елдің батысында дрондар Ровно облысының солтүстігіндегі энергетика нысандарына, бизнес пен тұрғын үйлерге соққы берді. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ковальдің айтуынша, онда жеке кәсіпорындағы жүк көлігі өртенді, бірақ адам шығыны жоқ. Хмельницкий облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Тюриннің дерегінше, Хмельницкийде шабуылдан кейін жеке тұрғын үйлер өртенді. Таңертең дрондар Киевке де жетті: қала мэрі Виталий Кличконың айтуынша, Соломенский ауданындағы көлік тұрағында өрт шықты, Святошинский ауданына сынықтар құлады, зардап шеккендер жоқ.
- Харьков облысы – Изюм, Балаклея;
- Полтава облысы – Кременчуг;
- Сумы облысы – Сумы;
- Запорожье облысы;
- Ровно облысы;
- Хмельницкий облысы;
- Киев.
Ресейдің күн сайын түнде қалаларға, тұрғын үйлер мен энергетикаға жасап отырған соққылары – бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік және әскери қылмыс. Бір күн бұрын Ресей Днепрдегі 600 мың адамды жарықсыз қалдырған еді. Ал 9 қарашада таңертең Украина президенті Владимир Зеленский Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенмен сөйлескеннен кейін ЕО жарықсыз, сусыз және жылусыз қалған қалаларға төтенше жағдайларда көмек көрсетудің арнайы тетігін іске қосатынын хабарлады.



