Мазмұнға өту

Қарағандыда 75 төсек-орындық балаларды оңалту орталығы ашылады

Орталықта гидрокинезотерапияға арналған бассейн, Монтессори кабинеттері және аулада бейімделген он ойын алаңы болады.

На объекте будущего детского реабилитационного центра в Пришахтинске, Караганда
Фото: акимат Карагандинской области

Қарағандыда Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалын ашу жоспарланып отыр. Оған арналған ғимарат Пришахтинскідегі 22-шағынауданда салынып жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады. Орталықта мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ туа біткен немесе жүре пайда болған бұзылыстары бар, түзетуді қажет ететін балаларға көмек көрсетіледі. Орталық ашылғанда отбасылар балаларын емдеу үшін облыстан тыс жерге апармайтын болады.

Стационар 75 төсек-орынға арналған: онда жылына мыңнан астам бала ем ала алады, тағы 2 мыңға жуық бала амбулаториялық оңалтудан өтеді. Орталықта 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Әкімдіктің айтуынша, құрылыс жоғары дайындық деңгейінде, бірақ орталықтың ашылу мерзімі әлі айтылмады.

Орталық бірнеше корпустан тұрады. Шатыры шыныдан жасалған басты ғимаратта спорт залы, мәжіліс залы және арена-зал болады, екі қабатты алты корпуста медициналық және қызметтік кабинеттер орналасады, ал бөлек тұрған екі қабатты ғимаратта гидрокинезотерапияға арналған бассейн жұмыс істейді. Балаларды физиотерапия, емдік дене шынықтыру және аппараттық әдіспен емдейді, олармен дефектологтар мен музыкалық терапевтер айналысады, ал сабақ үшін Монтессори кабинеттері мен шеберханалар жабдықталады. Аулада күнқағары бар он бейімделген ойын алаңы, спорт алаңы және қонақтарға арналған автотұрақ салынады.

«Ғимарат оңалту орталығына, көпсалалы кешенді көмек көрсетуге лайық. Мұнда медициналық оңалтуды ғана емес, түзету мектебін де ұйымдастыруға болады», — дейді Ұлттық балаларды оңалту орталығы басқармасының төрағасы Ажар Гинаят. Оның айтуынша, балалар жай ғана ем қабылдап қоймай, бейімделуге, қоршаған ортада бағдар алуға үйренуі маңызды.

Облыстағы мүгедектігі бар балалардың үштен біріне жуығында психоневрологиялық бұзылыстар бар, ал мұндай жалғыз орталық қазір Астанада жұмыс істейді. «Тиісті медициналық қызмет болмағандықтан, біз жыл сайын өңірге бөлінген квота бойынша ол жаққа 210 баланы жібереміз. Қарағандыда орталық ашылғанда бұл көмек облыс тұрғындарына қолжетімді болады», — деді облыс әкімінің орынбасары Ораз Таурбеков.

Жоба Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған балаларға оңалту көмегін қолжетімді ету жөніндегі тапсырмасына байланысты. Әкімдіктің хабарлауынша, жұмыс барысын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бақылауда ұстап отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз