Мазмұнға өту

Ақмола облысы астықты ең көп жинады: 6,3 млн тонна

Өнім 4,5 млн гектардан гектарына орта есеппен 14 центнерден жиналды, оның басым бөлігі үшінші сыныпты бидай болды.

Уборка зерна в Акмолинской области

Ақмола облысы 2026 жылғы орақ науқанының қорытындысы бойынша жалпы астық өнімі жөнінен еліміздің өңірлері арасында бірінші орынға шықты: диқандар 6,3 млн тонна астық бастырды. Бұл туралы 9 қарашада облыс әкімдігі хабарлады.

Жиналған астықтың шамамен 90%-ы — үшінші сыныпты бидай. Оның 70%-ға жуығы ақуызы жоғары Hi-Pro санатына жатады: мұндай бидайдағы ақуыз мөлшері 17,6%-ға, желімтік мөлшері 30–38%-ға жетеді.

Биыл өңірде 5,6 млн гектар жерге егін егілді, бұл былтырғыдан 110,8 мың гектарға көп. Дәнді және бұршақ дақылдары жоспарланған 4,5 млн гектардың бәрінен жиналып, орташа өнімділік гектарына 14 центнер болды. Майлы дақылдар 837,9 мың гектардан орылып, 839,1 мың тонна өнім алынды, әр гектардан орта есеппен 10 центнерден түсті. Сондай-ақ 168 мың тонна картоп пен 21,4 мың тонна көкөніс жиналды.

Астық қабылдау пункттеріне қазірдің өзінде 2,7 млн тонна астық түсті, оның 1,9 млн тоннасы — бидай, ал бидайдың 1,6 млн тоннасы үшінші сыныпқа жатады. Облыста сыйымдылығы 4,4 млн тонна болатын 67 астық қабылдау кәсіпорны және 1,5 мыңға жуық шаруа қоймасы жұмыс істейді. Жалпы өңірде бір мезгілде 7,3 млн тонна астық сақтауға болады.

Шаруашылықтар келесі маусымға да әзірленіп қойды: 539,8 мың тонна тұқымдық астық құйылды, бұл 2027 жылғы егіс науқанына толық жетеді. 1,35 млн тонна шөп дайындау жоспары орындалды, одан бөлек жоспардан тыс 256,8 мың тонна пішендеме, 225,7 мың тонна сүрлем және 812,7 мың тонна сабан жиналды.

Орақ жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шықты, оның ішінде 7 мыңға жуық комбайн бар, олардың 4,8 мыңы — өнімділігі жоғары техника. Диқандарға 81,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны берілді, астық пен майлы дақылдарды кептіруге қосымша 8,5 мың тонна бөлінді. 2026 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға шамамен 324,8 млрд теңге қаралды, бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге жуық көп.

Ақмола облысы — елдегі ең ірі астықты өңір. Қыркүйекте облыс әкімдігі өңірдің 2,8 млн тонна астық экспорттағанын және Hi-Pro бидайымен Еуропа нарығына шығуды көздеп отырғанын хабарлаған еді. Жалпы ел бойынша 24,3 млн тонна астық жиналды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз