Мазмұнға өту

Анталияда БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясы ашылды

Қазақстан конференцияға ұлттық павильонмен келді және онда ынтымақтастық туралы 28-ге жуық құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.

Площадка конференции COP31 в Анталье
Фото: COP31 Türkiye

Дүйсенбі, 9 қарашада Түркияның Анталия қаласында БҰҰ-ның климат жөніндегі 31-ші конференциясы – COP31 ашылды. 200-ге жуық ел 20 қарашаға дейін шығарындыларды азайту және кедей елдерге көмектесу жөніндегі бұрынғы уәделерді нақты іске қалай айналдыруды талқылайды. Түркия бұл конференцияны алғаш рет қабылдап отыр, ал келіссөздерге Аустралия жетекшілік етеді.

COP31 президенті, Түркияның қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Курум оны «орындау конференциясы» деп атады. «Енді уәделеріміз капиталмен бекітілуге тиіс. Бұл капитал инвестицияға жұмсалуы керек, ал инвестиция нәтиже беруі қажет», – деді ол ашылу рәсімінде. БҰҰ климат хатшылығының басшысы Саймон Стилл биылғы жылдың алғашқы жартысында ғана жаңартылатын энергетика әлемге 265 млрд доллар үнемдеп бергенін еске салды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әлем «климаттық төтенше құбылыстардың жаңа дәуіріне» аяқ басқанын мәлімдеді.

Басты дау – қаржы төңірегінде. Дамушы елдер климаттық қаржыландыру мәселесін ресми күн тәртібіне енгізуді талап етті, дамыған елдер бұған қарсы болды, дау жексенбі күні кешке дейін созылды, деп хабарлайды Turkish Minute. Былтыр Бакуде өткен конференцияның шешімі бойынша 2035 жылға қарай дамушы елдер климаттық мақсаттарға жылына кемінде 300 млрд доллар алуға тиіс.

Дональд Трамп әкімшілігі конференцияға өз өкілдерін жібермеді – АҚШ-тан тек Конгресс делегациясы келеді. Көшбасшылар саммиті 11–12 қарашада өтеді, ұйымдастырушылар 100-ге жуық мемлекет және үкімет басшысын күтіп отыр.

Түркияның басты бастамасы – 2035 жылға қарай әлемдік энергия тұтынудағы электр энергиясының үлесін шамамен 20%-дан 35%-ға дейін арттыру. Еуропалық одақ электрлендірудің таза энергия есебінен жүргізілуін қалайды, сондықтан мұнай, газ және көмірдің рөлі төңірегінде келіспеушілік туындауы мүмкін, деп жазады Turkish Minute.

Қазақстан Анталияға ұлттық павильонын алып келді, онда 36 іс-шара өтеді. Kazinform мәліметінше, ел ынтымақтастық туралы 28-ге жуық құжатқа қол қоюды көздеп отыр, оның 19-ы – меморандумдар, олардың арасында энергетикалық көшу мен климаттық инвестициялар жөніндегі құжаттар бар. Орталық Азияның бес елінің экология министрлері жеке кездесу өткізеді, ал Қазақстанның басымдықтары қатарында Солтүстік Аралды қалпына келтіру және Каспий экожүйелерін қорғау бар.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректері бойынша, соңғы 12 жыл бақылау тарихындағы ең жылы жылдар болды, ал БҰҰ жылынудың 1,5 °C шегінен асуы сөзсіз екенін мойындаған еді. Дубайда өткен COP28-де елдер қазба отынынан біртіндеп бас тартуға келіскен, бірақ Бразилияның Белен қаласындағы COP30 мұнай, газ және көмір туралы тікелей айтылмай аяқталды. Түркия COP31-ді өткізу құқығын бір жыл бұрын Аустралиямен ымыраға келу арқылы алған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз