Мазмұнға өту

Измирдегі болат зауытында жарылыс болып, 6 адам қаза тапты

Губернаторлықтың алғашқы мәліметінше, сұйық болат құйылып жатқанда үзіліп кеткен көпірлі кран электр доғалы пешке құлаған.

Сталелитейный завод HABAŞ в районе Алиага провинции Измир
Фото: Son Mühür

Дүйсенбі, 9 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00 шамасында (Астана уақытымен 15:00-де) Түркияның Измир провинциясы Алиаға ауданындағы HABAŞ компаниясының болат құю зауытында жарылыс болып, артынша өрт шықты. Измир губернаторлығының хабарлауынша, 6 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды, оның үшеуінің жағдайы ауыр. Үйінді астында қалғандарды іздеу жалғасып жатыр.

Губернаторлық алғашында үш адамның қаза тапқанын және 10 жұмысшының үйінді астында қалғанын хабарлаған. Кейін қаза тапқандар саны артты: ауыр жараланғандардың бірі ауруханада көз жұмды, тағы екі адамның денесін құтқарушылар үйінді астынан шығарды. Жараланғандар өңірдегі ауруханаларға жеткізілді, іздестіру топтары үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Түркияның Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи оқиға орнында барлық қызметтің жұмыс істеп жатқанын айтты. «Мемлекет барлық мүмкіндігімен оқиға орнында, жұмысты мұқият жалғастырып жатыр», – деп жазды ол.

Губернаторлықтың алғашқы мәліметінше, сұйық болат құйылып жатқан кезде көпірлі кран үзіліп, электр доғалы пешке құлаған. Жарылыстың нақты себебі анықталып жатыр, оқиға бойынша тергеу басталды. Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, зауыттың үстін қою түтін басқан.

HABAŞ – Түркиядағы ірі өнеркәсіптік топтардың бірі, ол болат пен техникалық газдар шығарады. Измирдің солтүстігіндегі Алиаға – елдің басты өнеркәсіптік аудандарының бірі: онда металлургия зауыттары, мұнай өңдеу және мұнай-химия кешендері жұмыс істейді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз