Мазмұнға өту

BYD Rolls-Royce-қа бәсекелес Yangwang Altior седанын таныстырды

Төрт адамдық салонға екі тоңазытқыш, төбеден түсетін 21,4 дюймдік экран және 39 динамикті аудиожүйе орнатылған.

Седан BYD Yangwang Altior
Фото: Yangwang

BYD Әбу-Дабиде Rolls-Royce-қа жауап ретінде әзірлеген Yangwang Altior флагмандық электроседанын көрсетті. Yangwang — концерннің премиум маркасы. Қытайда алдын ала тапсырыс қабылдау басталды: Shanhe Dingyun шектеулі нұсқасы 2,08 млн юань, яғни шамамен 140 млн теңге тұрады. Кезекке тұру үшін 300 мың юань (шамамен 20 млн теңге) кепілақы төлеу керек.

Altior Rolls-Royce Ghost-тан 201 мм ұзын: оның ұзындығы — 5 600 мм, ені — 2 030 мм, биіктігі — 1 590 мм, осьаралық қашықтығы — 3 500 мм. Артқы есіктері Rolls-Royce-тағыдай қозғалыс бағытына қарсы 90 градусқа, алдыңғылары 80 градусқа ашылады. Есіктерге қолшатыр орнатылған. Радиатор торы асыл тастай қырланған 137 элементтен құралған, ал алдыңғы эмблемасы 24 караттық алтынмен қапталған.

Седанды төрт электр қозғалтқышы жүргізеді — әр дөңгелекке біреуден, ал электроника әр дөңгелектегі тартым күшін секундына 100 реттен астам өзгертеді. BYD қуатын жарияламады. Қытайдың CLTC циклі бойынша жүріс қоры 1 000 км-ден асады, ал CarNewsChina-ның бағалауынша, еуропалық WLTP бойынша шамамен 800 км болар еді. Аккумуляторы — екінші буындағы Blade: BYD-дің айтуынша, 1000 вольттық архитектураның арқасында оны 10%-дан 70%-ға дейін шамамен бес минутта зарядтауға болады. Белсенді аспа жолды камера арқылы алдын ала «оқиды». Көлік танк сияқты орнында бұрыла алады, шаян сияқты қырынан жүреді, ал төтенше жағдайда су бетінде қалқып тұрады.

Салон төрт адамға арналған. «Нөлдік гравитация» деп аталатын артқы орындықтар дерлік көлденең күйге дейін шалқаяды, оларда массаж бен аяқ тірегіш бар, ал демалыс режимінде орындықтар жазылып, перделер жабылады, жарық бәсеңдейді. Төбеден 21,4 дюймдік экран түседі, салонда 5,5 литрлік екі тоңазытқыш, шампан бокалдарына арналған моторлы бөлік және 39 динамикті Dynaudio аудиожүйесі бар. Әрлеуде Хотан нефриті, Сучжоу кестесі, былғары мен жүн кілемшелер қолданылған.

Yangwang сату бөлімінің басшысы Ху Сяоцинның айтуынша, седанды үш жыл әзірлеген, ал алдыңғы бөлігінің дизайнын 100-ден астам нұсқаның ішінен таңдаған. Жеткізу қашан басталатынын және Altior Қытайдан тыс жерлерде сатылатын-сатылмайтынын BYD хабарламады. Yangwang-тың U9 суперкары да бар: жақында оның Xtreme нұсқасы сағатына 503 км жылдамдыққа жетіп, 500 км/сағ шегінен асқан алғашқы сериялық көлік атанды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз