Шымкенттік мерген Ирина Юнусметова Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеу және стенд ату бойынша әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол әйелдер арасында 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі тапаншамен нысана көздеу сайысында үшінші орынға тұрақтады. Бұл туралы 5 қарашада Шымкент қаласының әкімдігі хабарлады.
Юнусметова 537 ұпай жинады. Түркиялық Шеввал Илайда Тархан 546 ұпаймен бірінші орын алды, ал армениялық Эльмира Карапетян 542 ұпаймен күміс медальді иеленді.
Бұл – Қазақстан құрамасының осы әлем чемпионатындағы алғашқы медалі. Дохадағы жарыс 1 қарашада басталып, 14 қарашаға дейін жалғасады.



