Мазмұнға өту

Ломаченко мансабын жалғастырып, 2027 жылы рингке оралады

Украиналық боксшы екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсетіп, абсолютті әлем чемпионы атануды көздейді.

Украинский боксёр Василий Ломаченко

Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған украиналық боксшы Василий Ломаченко мансабын аяқтау туралы шешімінен бас тартты. Американың Top Rank промоутерлік компаниясы 5 қарашада 38 жастағы спортшының 2027 жылдың басында рингке оралатынын және екінші жартылай жеңіл салмақта – 59 келіге (130 фунт) дейін жұдырықтасатынын хабарлады.

Ломаченко Top Rank және өзінің Loma Power Promotions компаниясымен бірлескен промоушен туралы көпжылдық келісімге қол қойды. Қарсыласы, жекпе-жек күні және телеарна серіктесі әзірге белгісіз.

Top Rank боксшының оралатынын Instagram-да жариялады. Жазба «Лома қайта оралады!» деген сөзбен басталады.

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Компания қайта оралудың басты мақсаты екінші жартылай жеңіл салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы екенін айтты. «Ол көп нәрсеге қол жеткізді, бірақ абсолютті чемпион болуға бел байлады», – деді Top Rank басшысы Боб Арум. Ломаченконың өзі рингке қайта шығамын деп ойламағанын мойындап, оралуына күш салған менеджері Эгис Климасқа алғыс білдірді.

Ломаченко – Олимпиаданың екі дүркін чемпионы (2008 және 2012 жылдар). Кәсіпқой рингте 18 рет жеңіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған, үш рет жеңілген. Әлем чемпионы атағын үшінші кәсіпқой жекпе-жегінде-ақ алды. 2018 жылғы мамырда 12-жекпе-жегінде Хорхе Линаресті жеңіп, үшінші салмақ дәрежесіндегі титулды жеңіп алды: жартылай жеңіл және екінші жартылай жеңіл салмақтан кейін жеңіл салмақтағы белбеуді иеленді. Екінші жартылай жеңіл салмақта украиналық боксшы бұған дейін WBO белбеуіне ие болған.

2023 жылғы мамырда Ломаченко жеңіл салмақтағы абсолютті чемпион атағы үшін Девин Хейниге есе жіберді. Бір жылдан кейін Австралияның Перт қаласында Джордж Камбососты 11-раундта тоқтатып, IBF белбеуін жеңіп алды. Бұл жекпе-жек оның соңғысы болды: 2025 жылғы маусымда Ломаченко әрекеттегі чемпион күйінде мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Боксшы Top Rank компаниясымен 2013 жылы кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегінен бері жұмыс істеп келеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз