Канада 9 қарашада Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді: шектеулер Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне байланысты 38 ұйым мен 24 адамға салынды. Олардың арасында баллистикалық зымыран технологияларын әзірлейтіндер, ресейлік кибершабуылдарға қатысушылар және қаржылық делдалдар, соның ішінде криптовалюта биржалары бар. Бұл шешімді Канада сыртқы істер министрі Анита Ананд Париждегі G7 сыртқы істер министрлерінің кездесуінде жариялады.
«Канада Путиннің украин қалаларына зымырандармен соққы беру мүмкіндігін әлсіретуге бағытталған шаралар қабылдап жатыр», — деді Ананд. Оның айтуынша, Канада Украинаны қолдауын жалғастырып, Ресей агрессиясын тоқтатып, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтемейінше, оған соғыстың құнын арттыра береді. Үкімет хабарламасында санкция салынғандардың аты-жөні мен атаулары келтірілмеген.
Баллистикалық зымырандар — Ресейдің украин қалаларына қарсы лаңкестігінің басты қаруы: олар өте жылдам ұшады, оларды тек санаулы әуе қорғанысы жүйелері, ең алдымен американдық Patriot қана атып түсіре алады. 7 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаға 36 баллистикалық зымыран атты, оның тек төртеуі ғана атып түсірілді. Криптобиржаларға салынған санкциялар Ресейдің бұрынғы шектеулерді айналып өтіп, соғысқа ақша табу жолына соққы береді.
Канада 2014 жылдан бері Ресей агрессиясына қатысы бар 3500-ден астам адам мен ұйымға, сондай-ақ 700-ден астам кемеге санкция салған. G7 сыртқы істер министрлері Украина, АҚШ және Ресейдің Әбу-Дабидегі үшжақты келіссөзі қарсаңында Парижде бас қосты. «Еуропалық правда» басылымының мәліметінше, 10 қарашада олар Украина СІМ басшысы Андрей Сибиганың қатысуымен Украина мәселесі бойынша жеке отырыс өткізеді.



