2027 жылғы 5 қаңтардан бастап Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі құрылыс компанияларына бұзушылықтар туралы хабарлама жібере бастайды. Оларды түзетуге 30 күн беріледі, әйтпесе лицензия алты айға дейін тоқтатыла тұрады, ал бұзушылықтар сонда да жойылмаса, лицензияның қолданылуы тоқтатылады. Бұл туралы Kursiv басылымына өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.
Тізілімді сынақ режимінде іске қосу қарашаға жоспарланған: бұл кезеңде компаниялар анықталған бұзушылықтарды жеке кабинетінен көреді, бірақ олар үшін жаза қолданылмайды. Қазір министрлік қолданыстағы 80 мыңға жуық құрылыс лицензиясын тексеруге дайындалып жатыр. «Біліктілік талаптарына сай келмейтін компаниялардың нақты саны тізілім сынақ режимінде іске қосылғаннан кейін анықталады», – деді Нағаспаев. Лицензиясынан айырылуы мүмкін компаниялардың санын атауды ол әзірге ерте деп санайды.
Екінші кезеңде тізілімде құрылыс компанияларының рейтингін жасау жоспарланып отыр. Онда компаниялардың аяқталған жобалары, құрылыс техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ сот даулары туралы мәліметтер жинақталады. Пәтер сатып алушылар мәміле алдында құрылыс салушының не салғанын және сотқа түскен-түспегенін көре алады. Екінші кезеңнің мерзімі айтылмады.
Тізілім лицензиаттар туралы мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлармен салыстыратын болады: компанияда лицензиялау талаптарында көрсетілген мамандар мен өндірістік база бар-жоғы тексеріледі. Жүйе 6 қарашада «Атамекен» ҰКП алаңында таныстырылған. Осы уақытқа дейін құрылысшылардың бұзушылықтары негізінен жоспардан тыс тексерулерде анықталып келді: мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың тоғыз айында тоғыз компания лицензиясынан айырылып, тағы 133 лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрды.



