Samsung Galaxy смартфондары мен планшеттеріндегі «Галереядан» фото мен бейнені Google бұлттық қоймасына сақтауға мүмкіндік берді. Компания бұл туралы 10 қарашада хабарлады. Мүмкіндік One UI 9 қабықшасы орнатылған құрылғыларда жұмыс істейді: алдымен оны жекелеген модельдер алды, кейін тізім кезең-кезеңімен кеңейеді.
Жаңа синхрондау «Галереяның» Microsoft OneDrive-пен бұрынғы байланысының орнын басты. Samsung OneDrive-пен тікелей синхрондауды 2026 жылғы 30 қыркүйекте тоқтатты. Оған дейін жүктелген фото мен бейне жоғалған жоқ: оларды OneDrive қосымшасынан немесе сайтынан ашуға болады.
Бөлек бұлттық аккаунт ашудың қажеті жоқ. Барлық құрылғыда Samsung пен Google-дың бір аккаунты тұрса жеткілікті. Сонда жаңа Galaxy телефонында аккаунттарға кіріп, «Галереяда» синхрондауды қосқаннан кейін суреттердің кішірейтілген көшірмелері пайда болады, ал керек түпнұсқаны жүктеп алуға болады. Орын босататын батырма да бар: ол бұлтқа жүктеліп қойған файлдардың түпнұсқасын телефоннан өшіреді, ал шағын көшірмелері «Галереяда» қала береді.
Мүмкіндікті үш жолмен қосуға болады: «Галереядағы» бұлт белгішесін басу, кеңес карточкасындағы «Бастау» батырмасын басу немесе «Галерея» баптауларын ашып, фото мен бейнені синхрондауды қосу.
Файлдар Google аккаунтындағы орынды алады. Онда 15 ГБ тегін беріледі, бұл көлем Gmail, Google Диск және Google Фотомен ортақ. Орын жетпесе, Google One жазылымы арқылы қосымша сатып алуға болады. Samsung тағы екі ерекшелікті ескертеді. Әзірге «Галереяда» тек «Галерея» арқылы жүктелген файлдар көрінеді, ал Google Фотода бұрыннан тұрған суреттер онда өздігінен пайда болмайды. Синхрондалған файлды өшірсе, ол Google қоймасынан да, сол аккаунттар тұрған барлық құрылғыдан да жойылады.
Samsung мәліметінше, жергілікті шектеулерге байланысты қызмет кейбір елдерде қолжетімсіз болуы мүмкін, ал мүмкіндіктер жиынтығы нарық пен модельге қарай өзгереді. Компания Қазақстанды бөлек атаған жоқ. Егер «Галерея» баптауларында бұл тармақ болмаса, мүмкіндік ол телефонға әлі жетпеген.
Samsung Android 17 негізіндегі One UI 9 жаңартуын 16 қыркүйекте тарата бастады, оны алғашқы болып Galaxy S26, S26+ және S26 Ultra алды. Компания Қазақстанға арналған баспасөз релизінде ол кезде жаңа нұсқа Galaxy Z Fold8 Ultra, Z Fold8 және Z Flip8 құрылғыларында бар екенін, өзге модельдерге біртіндеп жететінін хабарлаған.



