Павлодарда оқушыға терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қалалық полицияның хабарлауынша, сабаққа кешіккен жасөспірім спорт залында қараусыз қалған сыныптасының телефонын көріп, сол телефоннан шұғыл қызметке қоңырау шалған және теракт дайындалып жатыр деп хабарлаған.
Полицейлер қоңырау шалынған нөмірді тез тауып, не болғанын анықтады. Оқушы бұл қоңыраудың немен аяқталатынын ойламағанын айтқан.
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің кепілдігіне берілді», — деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Капаров. Полицияның түсініктемесі бар бейне:
Теракт туралы жалған хабарлағаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар шақыру бойынша шыққан шұғыл қызметтердің шығынын өтеуге тура келеді. Оқушы кәмелетке толмағандықтан, шығынды өтеу мәселесі оның заңды өкілдерімен, яғни ата-анасымен шешіледі.
Соңғы күндері теракт немесе бомба туралы хабардың жалған болып шыққаны бұл жалғыз жағдай емес. Жуырда бомба туралы хабардан кейін Мәскеуден Астанаға келген ұшақ тексерілді. Онда да терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция хабар таратқан адамды іздеп жатыр.



