10 қарашада кешке Астана әуежайында полицейлер Мәскеуден ұшып келген ұшақты тексерді: бортта бомба бар деген хабар түскен. Қауіпті ештеңе табылған жоқ. «Жарылғыш құрылғылар мен өзге де тыйым салынған заттар анықталмады», – деп хабарлады ІІМ Көліктегі полиция департаменті.
Астана әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Рейсті қай әуекомпания орындағанын, бортта қанша адам болғанын және тексеру салдарынан басқа рейстер кешіккен-кешікпегенін полиция нақтыламады.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция бомба туралы хабарлаған адамды анықтап, оны ұстау үшін шара қабылдап жатыр.
Мұндай хабар үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады – 2026 жылы бұл 21 млн теңгеден асады. Сондай-ақ сол мөлшерде түзеу жұмыстары, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады.
Қараша айының басында Еуропада жалған қауіп-қатер толқыны болды: 5 қарашада оннан астам жолаушылар рейсіне бомба туралы хабар келіп, олардың көбі Францияда, Болгарияда, Бельгияда, Австрияда және Чехияда шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бірде-бір бортта жарылғыш зат табылмады. Қазақстанда да мұндай жағдайлар кездеседі: өткен жылдың қарашасында Атырау әуежайында жалған террорист рейсті кешіктірді – тіркеу кезінде бір жолаушы қол жүгінде жарылғыш құрылғы бар деп мәлімдеген.



