Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Маңғыстау – Семей пойызына Wi-Fi пен сейфі бар жаңа вагондар қосылды

Маңғыстау – Ақтөбе пойызы да жаңартылды, ал батыс өңірге отандық өндірістің 70-тен астам вагоны жеткізілді.

Новые пассажирские вагоны КТЖ на маршруте Мангистау — Семей
Фото: КТЖ

Қазақстандағы ең ұзақ темір жол бағыты – №37/38 Маңғыстау – Семей пойызы енді жаңа вагондармен қатынайды. Төрт купе, төрт плацкарт вагоны мен вагон-мейрамханадан тұратын тоғыз вагонды құрам 331 жолаушыға арналған, деп хабарлады ҚТЖ.

Вагондарды 2025–2026 жылдары отандық RWS Wagon зауыты шығарған. Әр орында USB-порт пен 220 В розетка бар, вагондарда Wi-Fi жұмыс істейді, жеке сейфтер, биодәретханалар мен нәресте жөргектейтін үстелдер орнатылған, сөрелерді түрлендіруге болады. Ауаны орталық кондиционер салқындатады, климат-бақылау мен ауаны зарарсыздандыру жүйесі де қарастырылған. Қабырғалар мен сөрелер тозуға төзімді, гипоаллергенді материалдармен қапталып, жылу оқшаулауы жақсартылған.

Жолдағы қауіпсіздікті бейнебақылау мен өрт сөндіру жүйесі қамтамасыз етеді. Шығу есіктері жарықпен белгіленген, ал аялдамалар туралы жолаушыларға дауыс зорайтқыш арқылы хабарланады.

Жаңа вагондар №109/110 Маңғыстау – Ақтөбе пойызына да берілді. ҚТЖ мәліметінше, батыс өңірге барлығы 70-тен астам жаңа вагон келді.

Билеттер bilet.railways.kz сайтында және вокзал кассаларында сатылады. Анықтама алу үшін 1433 тегін нөміріне хабарласуға болады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ паркті жаңартуды стратегиялық бағыт деп атайды, жаңғырту бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осы аптада жаңа құрамдар басқа бағыттарда да пайда болады: кесте бойынша 11 қарашада Астана – Алматы желісіне швейцариялық Stadler компаниясының вагондары шығады, ал 13 қарашада мұндай пойыз елордадан Семейге жол тартады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз