Эксперименттік азетукалнер препараты әдеттегі дәрілер көмектеспейтін, фокальды эпилепсиясы бар ересектерде ұстамалар санын шамамен екі есе азайтты. Клиникалық сынақтың соңғы, үшінші кезеңінің нәтижелері JAMA Neurology журналында жарияланды.
X-TOLE2 сынағына Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі 138 клиникадан 380 ересек адам қатысты. Олар бұған дейін эпилепсияға қарсы орта есеппен бес түрлі дәріні қолданып көрген, бірақ ұстамалар тоқтамай, айына 13 ретке жуық қайталанған. Азетукалнерді 12 апта бойы бұрынғы емге қосып берді: қатысушылардың бір тобы үлкен дозасын, екінші тобы кіші дозасын, үшінші тобы әсері жоқ дәрі – плацебо қабылдады. Үлкен доза ұстамалар санын орта есеппен 53%-ға, кіші доза 35%-ға азайтты, плацебо тобында бұл көрсеткіш 10% болды. Үлкен дозаны қабылдағандардың 55%-ында, плацебо тобындағылардың 21%-ында ұстамалар кемінде екі есе сиреді.
Азетукалнер жүйке жасушаларындағы калий арналарын ашады. Бұл арналар нейрондардың сигналдан кейін тынышталуына көмектесетін ерекше қақпақша секілді. Олар әлсіз жұмыс істесе, ми оңай қозып, ұстама басталады. Зерттеу жетекшісі, Нью-Йорк университеті Гроссман медицина мектебінің маманы Жаклин Френч препараттың «дозасын бірте-бірте арттыруды қажет етпейтінін» және оны күніне бір рет ішетінін атап өтті. Ал эпилепсияға қарсы көп дәрінің дозасын ұзақ уақыт бойы біртіндеп көбейтуге тура келеді.
Препаратты қабылдағандар көбіне бас айналуына, ұйқышылдыққа және бас ауруына шағымданды. Үлкен дозада жанама әсерлер салдарынан қатысушылардың 14,5%-ы емді тастады, плацебо тобында бұл көрсеткіш 3,2% болды. Сынақ қысқа болды әрі азетукалнерді басқа дәрілермен емес, тек плацебомен салыстырды. Сондықтан препараттың ұзақ мерзімдегі қауіпсіздігін әлі де дәлелдеу қажет. Әсер ету тетігі ұқсас ретигабин препараты FDA ескертулерінен кейін 2017 жылы нарықтан кетті: ол теріні көкшіл түске бояп, көздің торлы қабығындағы пигментті өзгертуі мүмкін еді.
Препаратты әзірлеген Xenon Pharmaceuticals компаниясы 2026 жылғы қыркүйекте оны тіркеу үшін FDA-ға өтінім берді. Агенттік жаңа дәріні әдетте бір жылға жуық тексереді. Қазақстанда азетукалнер тіркелмеген: оны әзірге бірде-бір ел мақұлдаған жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, әлемде 50 миллионға жуық адам эпилепсиямен ауырады. Дұрыс диагноз қойылып, тиісті ем жүргізілсе, олардың 70%-ына дейіні ұстамасыз өмір сүре алар еді. Фокальды эпилепсияда ұстама мидың бір бөлігінен басталады. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне қарағанда, Қазақстанда эпилепсиямен 94 мыңға жуық адам есепте тұр, оның 31 мыңы – балалар. 2026 жылдан бастап бұл ауру әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілді.
Кез келген дәріні қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесіңіз.



