«Интердің» шабуылшысы Маркус Тюрам оң жақ санының артқы бұлшықетін жарақаттап, Франция құрамасының жиынынан кетті. Ол Ұлттар лигасы топтық кезеңінің соңғы екі ойынына қатыспайды. Оның орнына бас бапкер Зинедин Зидан ұлттық құрамаға «Борнмуттың» 20 жастағы шабуылшысы Эли Крупиді алғаш рет шақырды. Бұл туралы Франция футбол федерациясы хабарлады.
Федерацияның мәліметінше, Тюрам жексенбі күні Серия А-да «Комомен» өткен ойында бұлшықетінің тартылғанын сезген. Ол кездесуде «Интер» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Дүйсенбіде шабуылшы жаттығуға шықпады, ал сейсенбі күні таңертең жағдайы жақсармады. Тексеруден кейін құраманың дәрігерлері «Интермен» және ойыншының өзімен келісіп, оны клубына қайтарды. Жарақаттан айығу мерзімі айтылмады.

Крупи – «Лорьян» академиясының түлегі. 18 жасында ол 2024/25 маусымында 22 гол соғып, Лига 2-нің үздік бомбардирі атанды. Кейін «Борнмутқа» ауысып, Премьер-лигадағы алғашқы маусымында 13 гол соқты. Францияның жастар құрамасы сапында бес ойын өткізіп, үш гол соққан. Биылғы маусымда шабуылшы небәрі төрт ойынға шықты: бірнеше ай бойы табанындағы жарақатты емдеп, алаңға тек 31 қазанда «Лидспен» кездесуде оралды. Крупи Зиданның кеңейтілген тізімінде бар еді. Ол сейсенбі күні кешке Клерфонтенде командаға қосылды.
Бұл – бір апта ішінде құрамаға алғаш шақырылған үшінші ойыншы. Зиданның қараша айындағы ойындарға арналған тізіміне «Пари» клубының шабуылшысы Пабло Пажис жарақат алған Магнес Аклиуштың орнына алғаш рет енді, ал дүйсенбі күні «Ювентус» қорғаушысы Пьер Калулудың орнын «Вольфсбургтың» ойыншысы Саэль Кумбеди басты.
Франция 12 қарашада «Сан-Сиро» стадионында Италиямен қонақта ойнайды, ал 15 қарашада Бордода Түркияны қабылдайды. Астана уақытымен бұл кездесулер 13 және 16 қарашаға қараған түні өтеді. Бұған дейін топта француздар Түркияны 1:0 есебімен ұтып, Италиямен 1:1 тең түскен.



