Индонезия вице-президенті Гибран Ракабуминг Рака 10 қарашада, сейсенбіде, президент Прабово Субиантоға отставкаға кеткісі келетінін айтты. Бұл туралы мемлекеттік хатшылық министрі Прасетьо Хади мәлімдеді. Джакартадағы сарайда өткен кездесу шамамен екі жарым сағатқа созылды. Мұның себебі – бұрынғы президент Джоко Видодоның 39 жастағы ұлы 2024 жылғы сайлауға түскенде ұсынған білім туралы құжаттарына қатысты дау.
Хади Прабово бұған қарсы болды деген хабарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, президент Гибранға ақыл-кеңесін айтып, құжаттарының заңдылығын сотта қорғай беруді ұсынған. Вице-президенттің өзі әкімшілік сот арқылы өзінің дұрыс екенін дәлелдеуге тағы бір мүмкіндік сұрады. Прабово отставканы қабылдады ма, жоқ па – әзірге белгісіз: жазбаша өтініш ресми түрде жарияланған жоқ. Сол күні екеуі сарайда өткен ұлттық батыр атағын беру рәсіміне бірге келді, деп хабарлайды Antara агенттігі.
Кейін Гибран журналистермен қысқа сөйлесті, бірақ отставка туралы ештеңе айтпады. «Қазір болып жатқан жағдайға қатысты қоғамның барлық сыны мен пікірін құрметтеймін», – деді ол. Бұл туралы AP агенттігі хабарлады. Гибран бұл жағдайдың ұзаққа созылатын саяси дауға айналуын қаламайтынын да айтты.
Жанжал қазан айында өршіді. Алдымен Конституциялық сот оның біліміне қатысты талап арызды қараусыз қалдырды: арыз берушілердің мұндай құқығы болмаған. Кейін Жоғарғы сот апелляцияны қанағаттандырып, Гибранның шетелде алған мектеп білімін Индонезия аттестатына теңестірген куәлікті жарамсыз деп таныды. Дәл осы құжат оның 2024 жылы сайлауға түсу құқығын растаған еді. Гибран Сингапур мен Аустралияда оқыған. Сейсенбіде Жоғарғы сот шешімнің толық мәтінін жариялап, министрлікке бұл куәлікті кері қайтарып алуды міндеттеді, деп жазады Kompas.
Парламентте импичмент туралы әңгіме басталып кетті. Өкілдер палатасының спикері Пуан Махаранидің айтуынша, бірнеше фракция вице-президентке қатысты парламенттік рәсімді бастағысы келеді, ал палата басшылығы бұл ұсыныстарды қарайды. Конституция бойынша вице-президент лауазымы босаса, Халықтық консультативтік конгресс 60 күн ішінде президент ұсынған екі үміткердің бірін жаңа вице-президент етіп сайлайды.
Индонезия – халқының саны жағынан әлемде төртінші орындағы ел әрі Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі экономика. Бұрын Суракарта қаласының мэрі болған Гибран 2024 жылғы қазанда Прабовомен бірге қызметке кірісті. Прабово Видодоның ұлын серіктесі етіп таңдағаннан кейін Видодо оны сайлауда қолдаған. Алайда AP агенттігінің жазуынша, қазір бұрынғы және қазіргі президенттің арасындағы алшақтық ұлғайып келеді. Қаңтарда Давоста Прабово Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен.



