Ресей әскері 10 қарашада күндіз Днепрдегі сыни инфрақұрылым кәсіпорнына соққы берді. Днепр — Украинаның ең ірі қалаларының бірі, ол елдің орталық бөлігінің шығысында, Днепр өзенінің бойында орналасқан. Үш адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланды. Бұл туралы Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа хабарлады. Ол алғашқы қаза тапқандар туралы Киев уақытымен сағат 16:15-те (Астана уақытымен 19:15-те) жазды — соққы жұмыс күнінің қызған шағына тұспа-тұс келді.
Алдымен билік екі адам қаза тауып, кемінде төрт адам жараланғанын айтқан еді, кешке қарай қаза тапқандар саны үшеуге жетті. Қаза тапқандардың аты-жөні әзірге айтылмады. Ауруханада төрт ер адам жатыр: 60 жастағы және 63 жастағы ер адамдардың жағдайы ауыр, 49 жастағы және 40 жастағы ер адамдардың жағдайы орташа.
Соққыдан кейін кәсіпорында өрт шықты, оқиға орнында барлық төтенше қызметтер жұмыс істеді. Кәсіпорынның өзінен бөлек, Днепрде басқа да өндірістік нысандар, инфрақұрылым және жеке үй зақымданды. Соққы дәл қай кәсіпорынға тигенін билік нақтыламай отыр. Украинада энергетика және басқа да маңызды нысандар туралы жау келесі шабуылдарын түзете алмауы үшін әдетте осылай істейді.
Днепрге дәл немен соққы берілгені ресми түрде хабарланбады. Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері күндіз қалаға қарай реактивті шабуылдаушы дрондар ұшып келе жатқанын ескерткен. Әуе күштерінің мәліметінше, бір күн ішінде Ресей Украинаға 155 дрон және 14 «Бандероль» ұшырды. «Бандероль» — Ресей жаппай шығара бастаған арзан қанатты зымыран. Әуе қорғанысы 124 дронды және 14 зымыранның бәрін атып түсірді немесе басты. Шабуыл мұнымен тоқтаған жоқ, кешке дейін жалғасты.
Басқыншылар бір күнде Днепропетровск облысының төрт ауданына дрондармен және артиллериямен 30-дан астам рет шабуыл жасады. Басып алынған Запорожье АЭС-інің қарсы бетіндегі Никополь ауданы атқыланып, онда 43 жастағы ер адам ауыр жараланды. Павлоград және Синельниково аудандары да соққыға ұшырады. Облыс бойынша бір күнде барлығы бес адам жараланды.
Бұл — Ресейдің бейбіт қалаға жасаған кезекті лаңкестік шабуылы. Ол Әбу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресейдің үшжақты келіссөздері жүріп жатқан күндерге тұспа-тұс келді. Кездесудің бірінші күнінен кейін тараптар тұтқындарды ауқымды алмасуға келісті, бірақ Украинаның энергетикадағы бітім туралы ұсынысына Мәскеу әзірге жауап берген жоқ. Бір күн бұрын Ресей дрондары Винница облысындағы Ладыжин қаласындағы кәсіпорында екі адамның өмірін қиды.



