Ресей әскері 10 қарашаға қараған түні Украинаның орталығындағы Винница облысына қарасты Ладыжин қаласындағы азаматтық кәсіпорынға шабуыл жасады. Винница облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Наталья Заболотнаяның хабарлауынша, екі адам қаза тапты. Кәсіпорын қирады, сондай-ақ энергетика инфрақұрылымы нысандары зақымданды.
Билік қаза тапқандардың есімін әзірге атаған жоқ. Қалалық кеңес хатшысы Александр Коломиецтің айтуынша, Ладыжин громадасында – Украинада қала мен маңындағы ауылдарды біріктіретін аумақтық қауымдастық осылай аталады – 10 қарашадан бастап үш күндік аза жарияланды. Оның сөзінше, соққы азаматтық инфрақұрылымды зақымдаған, барлық қызметтер зардапты жойып жатыр. «Громада тұрғындарынан әуе дабылына немқұрайлы қарамауды сұраймын», – деп жазды Коломиец.
Бұл – Ресейдің майдан шебінен алыстағы Украина тылына, азаматтық нысандар мен энергетикаға жасаған кезекті лаңкестік шабуылы. Украина Әуе күштерінің мәліметінше, түні бойы Ресей әскері елге «Искандер-М» баллистикалық зымыранын және 162 «Шахед» типті шабуылдаушы дрон ұшырды. «Шахед» – Ресей өз елінде шығаратын ирандық дрон-камикадзе. 135 дрон атып түсірілді немесе басылды, 19 жерде соққы тіркелді.
Ладыжин – Оңтүстік Буг өзенінің бойындағы шағын қала, мұнда жылу электр станциясы жұмыс істейді. Ресей Ладыжинге бұған дейін де соққы берген: 2025 жылғы қазанның соңында шабуылдан кейін қала біраз уақыт жарықсыз, жылусыз және сусыз қалған. Бір күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еуропалық елдер Мәскеуді энергетикаға соққы беру арқылы украиндарды осы қыста гуманитарлық апатқа ұшыратпақ деп айыптады. Шабуыл Украина, АҚШ және Ресейдің Әбу-Дабидегі келіссөздері басталар алдындағы түнге тұспа-тұс келді.



