Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Көмір, мұнай мен газдан шығатын CO2 2020 жылдан бері алғаш рет азаяды

Шығарындылар қазіргі қарқынмен жалғасса, жылынуды 1,5 °C шегінде ұстауға қалған «көміртек бюджеті» төрт жылға да жетпейді.

Дым из труб угольной электростанции на закате
Фото: AP

2026 жылы көмір, мұнай мен газдан шығатын көмірқышқыл газының әлемдік шығарындылары 0,4%-ға қысқарып, 38,2 млрд тоннаға жетеді. Бұл – COVID-19 пандемиясы экономиканы тоқтатқан 2020 жылдан бергі алғашқы төмендеу. Мұндай болжамды 10 қарашада Global Carbon Budget халықаралық жобасы жариялады: баяндаманы Эксетер университеті бастаған 140-тан астам ғалым дайындады. Құжат Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясы өтіп жатқан кезде таныстырылды.

Ғалымдар мұның екі себебін атайды: күн және жел энергетикасының жедел дамуы және Иран төңірегіндегі соғыс. Ормуз бұғазындағы іркілістер мен бағаның шарықтауы салдарынан әлемде мұнай 1,9%-ға, газ 0,3%-ға аз жағылады. Ал көмір, керісінше, 0,6%-ға көп жұмсалады. Авторлардың бағалауынша, күн, жел және электромобильдер әлемде энергияға сұраныс өсімінің үштен екісін жауып отыр.

Төмендеу ірі экономикалардың барлығында дерлік күтіледі. Қазба отыннан шығатын әлемдік шығарындылардың 32%-ы тиесілі Қытайда олар 0,9%-ға, АҚШ-та 1,3%-ға, Еуропалық одақта 1,5%-ға, Жапонияда 1%-ға азаяды. Тек Үндістан ерекшеленеді: онда шығарындылар 4,4%-ға өседі.

Алайда орман кесу мен жерді пайдаланудағы өзге де өзгерістерді қосқанда, CO2 шығарындыларының жалпы көлемі бәрібір 42,8 млрд тоннадан 43,3 млрд тоннаға дейін артады. Оған күшті Эль-Ниньо кезінде Оңтүстік-Шығыс Азияда шымтезек өрттері мен ормандардың тозуы себеп болып отыр. Жаһандық жылынуды 1,5 °C шегінде ұстап тұру үшін адамзат 150 млрд тоннадан артық CO2 шығармауы керек. Қазіргі қарқынмен бұл көлем төрт жылға да жетпейді.

«Қазба отыннан шығатын шығарындылардың азаюы үміт ұялатады, бірақ ішінара геосаяси күйзелістерден туған төмендеу климат үшін тұрақты шешім емес», – деді зерттеу жетекшісі, Эксетер университетіндегі Global Carbon Budget кеңсесінің директоры Пьер Фридлингштейн. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді жауап біреу ғана – таза технологияларды жедел енгізу. Шығыс Англия университетінің профессоры Коринн Ле Кере «мұнай төңірегіндегі шиеленіс басылғанда» шығарындылардың қайта өсуі әбден мүмкін екенін ескертті.

Мұнай – негізгі экспорт тауары саналатын Қазақстан үшін сұраныс туралы тұжырым маңызды: ғалымдар мұнай тұтынудың азаюын энергетикалық күйзеліске берілген қысқа мерзімді жауап деп санайды. Қазақстан COP31 конференциясына ұлттық павильонмен қатысып жатыр. Anadolu агенттігінің мәліметінше, сейсенбіде конференция бағдарламасында Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстанның «жасыл» энергетикалық серіктестігі жөніндегі министрлер кездесуі өтеді.

Global Carbon Budget баяндамасы 21-рет жарық көріп отыр. Өткен онжылдықта қазба отыннан шығатын шығарындылар жыл сайын орта есеппен 0,9%-ға өсіп, 2025 жылы рекорд жаңартқан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз