Абай облысының Жарма ауданында заңсыз алтын өндірудің жолы кесілді. Карьер Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде рұқсатсыз игерілген, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Абай облысы бойынша департаменті. Операция прокуратурамен бірлесіп жүргізілді, тергеу деректері бойынша өндіруге қатысы бар тоғыз адам анықталды.
Кенді ашық әдіспен қазып, арнайы жабдықпен бірден жуған. Карьердің тереңдігі 15 метрге жеткен, одан 12 мың текше метрден астам тау-кен массасы алынған. Құнарлы топырақ қабаты 4 мың шаршы метрден астам аумақта зақымданған.
Оқиға орнынан мыналар тәркіленді:
- кенді жууға және ұсатуға арналған жабдық;
- құрамында алтыны бар жеті қап;
- екі металл іздегіш;
- екі тиегіш пен бір экскаватор.
Операция кезінде түсірілген бейнені ҚМА өзінің Telegram-арнасында жариялады:
Тергеу жалғасып жатыр. Іс Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша қозғалғанын және қатысы барлардың ішінде ұсталған адам бар-жоғын агенттік нақтыламады: өзге мәліметтер ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасалып, жария етілмей отыр.
Заңсыз карьерлер бұрын да анықталған. Қазан айында Балқаш маңында темір және марганец кенін заңсыз өндірудің жолы кесілген еді: онда үш карьерден кейін жерді қалпына келтіруге ғана шамамен 485 млн теңге қажет болады. Бұған дейін ҚМА алтын кенін мыс ретінде көрсетіп шығарған схеманы да әшкерелеген.



