Солтүстік Қазақстан облысында Тимирязев – Докучаев жолын жөндеген мердігер компанияның бұрынғы басшысы қамауға алынды. Ол бюджеттен осы жолды орташа жөндеуге бөлінген 87 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілікті, деп хабарлады облыс прокуратурасы.
Заң бұзушылықтар Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін тексеру кезінде анықталған. 12 қазанда материалдар СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберіліп, сол күні Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі – аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды, тергеу барысын облыс прокуратурасы бақылап отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша қаражат қалай жымқырылғаны және жолдың қазір қандай күйде екені нақтыланбады. Күдіктінің аты-жөні мен компанияның атауы да айтылмайды. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігі мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Соңғы күндері жол жөндеудегі заң бұзушылықтар бойынша басқа өңірлерде де іс қозғалып жатыр. 9 қарашада Жетісу облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Алматы – Өскемен тасжолын күрделі жөндеген мердігер тау беткейінен рұқсатсыз тас пен топырақ алып, жолдың негізіне төсегенін хабарлады. Мемлекетке келтірілген залал алдын ала 115 млн теңгеден асады деп бағаланды, іс жер қойнауын өз бетінше пайдалану бабы бойынша тергеліп жатыр.



