Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

АҚШ Өкілдер палатасы Пентагон басшысының импичментін дауысқа салады

Қарар қабылданса, Хегсет АҚШ тарихында Өкілдер палатасы импичмент жариялаған үшінші министр болады.

Министр обороны США Пит Хегсет
Фото: Getty Images

Республикашыл конгрессмен Томас Масси 9 қарашада АҚШ Өкілдер палатасына қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы қарар жобасын енгізді. Сегіз баптан тұратын құжат артықшылықты қарар ретінде ұсынылды: палата ережесі бойынша ол екі заң шығару күні ішінде, яғни 11 қараша, сәрсенбіден кешіктірілмей дауысқа салынуы тиіс.

Үш бап Иранмен соғысқа қатысты. Масси Хегсет соғысты Конгресстің рұқсатынсыз жүргізді, 1973 жылғы әскери өкілеттіктер туралы заңда көзделген мерзім өткеннен кейін де, маусымда екі палата әскерді шығаруға шақырғаннан соң да ұрыс қимылдарын тоқтатпады деп есептейді. Қалған баптар Батыс жарты шарда есірткі саудагерлері деп күдік келтірілген кемелерге жасалған соққыларға (автордың есебінше, онда кемінде 243 адам қаза тапқан), Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуроны қолға түсіру үшін қаңтарда жүргізілген операцияға, Йеменге рұқсатсыз соққы беруге, бейбіт тұрғындарды қорғау туралы заңдарды елемеуге және демократ сенатор Марк Келлиге қысым жасауға арналған.

Дауыс беру нәтижесі әзірге белгісіз. Палатада республикашылдардың шағын көпшілігі бар, бірақ олардың бірнешеуі Fox News арнасына импичменттің өтуі мүмкін екенін айтқан. Демократтар көшбасшысы Хаким Джеффрис қарарды сөзсіз қолдайтынын айтты. Палата басшылығы тікелей дауыс беруден жалтаруы мүмкін: қарарды кейінге қалдыруға немесе комитетке жіберуге болады. Министрді қызметінен босату үшін Сенатта сот өтіп, сенаторлардың үштен екісі дауыс беруі керек. Импичмент жарияланса, процесс екі палатадағы көпшілік демократтарға өтетін 2027 жылы басталуы мүмкін.

Хегсет қарарды «жалған импичмент баптары» деп атады. «Президент Трампқа қарсы нәтиже бермеді, маған қарсы да бермейді», – деді ол X желісіндегі бейнеүндеуінде. Масси министрдің «Конституцияға қатер болып қала беретінін көрсеткенін» мәлімдеді.

Импичменттің басты себебі – АҚШ пен Израиль 28 ақпанда бастаған Иранмен соғыс. 9 қарашада Дональд Трамп оны әскери тұрғыдан «іс жүзінде бітті» деп атады, бірақ Иран порттарын теңізден қоршау әлі жалғасып жатыр. Қазақстан үшін бұл соғыс мұнай бағасы мен Каспийге байланысты маңызды: АҚШ-тың Иранды қоршауға арналған тобы оның саудасын Каспий теңізі арқылы да тоқтатуы тиіс.

Масси – Трамптың бұрыннан келе жатқан сыншысы. Биыл ол праймериз сайлауында президент қолдаған үміткерден жеңіліп, қаңтарда Конгресстен кетеді. Хегсеттің импичменті туралы баптарды ол алғаш рет қыркүйекте енгізген, бірақ спикер Майк Джонсон дауыс беруге дейін палатаны демалысқа таратып жіберген. АҚШ тарихында Өкілдер палатасы министрлерге импичментті тек екі рет жариялаған: 1876 жылы әскери министр Уильям Белкнапқа және 2024 жылы Ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркасқа.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз