Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары жылудың сапасына және оның өшіп қалуына шағымданып жүр. Бұл үш қаланы Премьер-министр Олжас Бектенов 10 қарашада Үкімет отырысында атап өтті. Ол әкімдерге жылыту маусымы жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, тұрғындардың шағымына жедел жауап беруді тапсырды. «Тұрғындардан жылудың сапасына немесе оның ажыратылуына қатысты шағымдар бар», – деді Премьер.
Бектеновтің айтуынша, жылыту маусымы барлық өңірде басталды, жылу кестеге сай берілді. Енді әкімдер апаттық бригадалар мен арнайы техниканы қысқы жағдайда жұмыс істеуге әзірлеп, тұрғындардың тұрақты бағамен көмір алуын үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірге жылу көздеріндегі жөндеуді уақытында аяқтап, жабдық қорын жасақтауы керек. Премьер әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударуды сұрады. «Жылыту кезеңінде тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ол. Жалпы үйлестіру Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Қысқа арналған көмір әзірге толық жиналған жоқ. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, тұрғындар мен коммуналдық секторға осы маусымда 7,3 млн тонна көмір қажет: оның 5,7 млн тоннасы халыққа, 1,6 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға керек. Өңірлер 4,5 млн тонна, яғни қажеттіліктің 62 пайызын дайындады, тағы 2,8 млн тонна жетіспейді. Министр әкімдіктерден көмір дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды ажиотаж туындауына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды талап етті.
Отырыстан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Ақкенженов жылыту маусымының мерзімі климаттың жылынуына қарай түзетілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. «Егер жылыну болса, біз оны жұмысымызда міндетті түрде ескереміз», – деді министр. Оның айтуынша, жылу беру қазірдің өзінде сыртқы ауа температурасына қарай реттеледі.
Отырыстың жазбасын Премьер-министрдің ресми YouTube арнасы жариялады:
Жақында Ақтауда бір тәулік жарықсыз әрі жылусыз қалған тұрғындар жолды жапты: нөсер жаңбырдан кейін онда кабель желілері зақымданған. Ал қаладағы екі мектепте балалар сабақта күртешемен отырды. Сол отырыста жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мен ескі газ баллондарын ауыстыру мәселесі бөлек талқыланды.



