Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Алматыда студенттерді 15 шаршы метр нормасынан тыс тіркеу ұсынылды

Бұл жеңілдік пәтерде отбасы мүшелерінен, жақын туыстардан, қорғаншылар мен қамқоршылардан басқа ешкім тіркелмеген жағдайда ғана қолданылады.

Здание ректората Казахского национального университета имени аль-Фараби в Алматы
Фото: Wikimedia Commons

Алматыда күндізгі оқу нысанындағы студенттерді пәтерге бір адамға шаққандағы 15 шаршы метр нормасынан тыс тіркеу ұсынылды. Тіркеу қағидаларына енгізілетін өзгерісті қала әкімдігі әзірледі, мәслихат шешімінің жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Қазір адамды тұрғын үйдің жалпы ауданынан әр тіркелген адамға кемінде 15 шаршы метр тиесілі болса ғана тіркеуге болады. Мысалы, 60 шаршы метр пәтерге төрт адамнан артық тіркелмейді. Меншік иесінің отбасы мен жақын туыстарына — жұбайына, балалары мен олардың отбасыларына, асырауындағы және қамқорындағы адамдарға, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта тұрғандарға ерекшелік жасалған. Енді бұл тізімге Алматыда оқитын күндізгі бөлім студенттерін қосу көзделіп отыр. Бірақ бір шарты бар: пәтерде немесе үйде отбасы мүшелерінен, жақын туыстардан, қорғаншылардан, қамқоршылардан және жекжаттардан басқа тіркелген адам болмауы керек. Сондықтан жеңілдік әр студентке бірдей қолданылмайды: бәрі мекенжайда кім тіркеліп тұрғанына байланысты.

Құжат әзірге жоба күйінде, ол жария талқылауға шығарылды. Өзгерістің қай күннен бастап күшіне енуі мүмкін екені айтылмаған.

15 шаршы метр нормасын Алматы қалалық мәслихаты 2026 жылғы қыркүйекте бекіткен. Қала бұл норманы енгізу құқығын 14 қыркүйекте күшіне енген Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға түзетулерден кейін алды. Әкімдік бұл шектеу бір мекенжайға онда тұрмайтын адамдарды жаппай тіркеуге жол бермеу үшін, сондай-ақ әр ауданда іс жүзінде қанша адам тұратынын нақты білу үшін керек екенін түсіндірген: мектептерге, емханаларға және коммуналдық желілерге түсетін жүктеме соған байланысты. Жалған тіркеу үшін тұрғын үй иесіне ӘҚБтК-нің 493-бабы бойынша 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Жазда Алматы қаласының прокуратурасы 990 адам тіркелген бір бөлмелі пәтерді анықтады. Осыған ұқсас тіркеу қағидалары Астанада бұрыннан қолданылып келеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз