Grand Theft Auto VI жоспар бойынша 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S консольдеріне шығады. Мұны Rockstar Games студиясының иесі, америкалық Take-Two Interactive компаниясы 9 қарашада жариялаған тоқсандық есебінде растады. «Grand Theft Auto VI сатылымға шыққанға дейін он күн қалды, ал алдын ала тапсырыстар бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуде», — деді Take-Two басшысы Штраус Зельник. Алдын ала тапсырыстың нақты санын компания жария етпеді.
Шілде мен қыркүйек аралығындағы тоқсан баспагер үшін әлсіз болды. Таза сатылым (net bookings — ойындар мен олардың ішіндегі сатып алулардың, оның ішінде цифрлық сатылымның жалпы көлемі) 18%-ға азайып, 1,6 млрд долларға түсті. Компанияның таза шығыны 54 млн доллар болды. Зельник IGN-ге берген сұхбатында мұны ойыншылардың бір бөлігі GTA VI-ды күтіп, басқа жаңа ойындарды, соның ішінде NBA 2K27 баскетбол симуляторын сатып алуды кейінге қалдырғанымен түсіндірді.
Компания негізгі табысты алдағы айларда күтіп отыр. Take-Two қазан–желтоқсан айларында 3,35–3,5 млрд доллар, яғни Ұлттық банк бағамы бойынша шамамен 1,5 трлн теңге түсім аламыз деп есептейді. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегі 1,76 млрд доллардан екі есеге жуық көп. 2027 жылғы наурызда аяқталатын қаржы жылына арналған 8–8,2 млрд доллар болжамын компания өзгертпеді.
Ойын бағасын Rockstar жазда жариялаған:
- стандартты нұсқасы — 79,99 доллар, Ұлттық банк бағамы бойынша шамамен 35,8 мың теңге;
- Ultimate Edition нұсқасы — 99,99 доллар, шамамен 44,7 мың теңге.
Алдын ала тапсырыс бергендер 10 қарашадан бастап ойынды консольге алдын ала жүктеп ала алады, сөйтіп шыққан күні бірден ойнай бастайды. Қазақстанда PlayStation Store-дың ресми аймақтық дүкені жоқ, сондықтан қазақстандықтарға цифрлық нұсқасын сатып алу оңай емес.
Ойынның шығуы концертпен аталып өтеді. 21 қарашада Майамиде Rockstar Games пен PlayStation ойынның саундтрегіндегі әншілердің қатысуымен Grand Theft Auto VI: The Festival музыкалық фестивалін өткізеді. Қатысушылар арасында Трэвис Скотт, Карди Би, Metro Boomin және француздың Justice дуэті бар. Билеттер лотерея арқылы таратылады, фестивальге 17 жастан бастап кіруге болады.
GTA VI — бейнеойын тарихындағы ең көп сатылған сериялардың бірінің жалғасы. Оқиға Флорида үлгісімен жасалған ойдан шығарылған Леонида штатында және Майамиге ұқсатылған Вайс-Сити қаласында өтеді. Ойынның шығу мерзімі бұған дейін екі рет — 2025 жылғы мамыр мен қарашада ауыстырылған. Серияның алдыңғы бөлімі GTA V 2013 жылы шықты. Компьютерге арналған нұсқасын Rockstar әлі жариялаған жоқ.



