Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Ақтауда бір тәулік жарықсыз әрі жылусыз қалған тұрғындар жолды жапты

Жаңбырдан кейін ТП-20-05 және ТП-20-03 қосалқы станцияларының арасындағы зақымдалған кабельдер су астында қалғандықтан, жөндеушілер апат болған жерлердің бәрін ұзақ таба алмады.

Жители 20-го микрорайона Актау перекрыли дорогу из-за отключения света и тепла
Фото: Lada.kz

Ақтауда 20-шағынаудандағы бес тұрғын үйге түн ортасына қарай жарық пен жылу қайта берілді. Тұрғындар бір тәулікке жуық электр жарығынсыз, жылусыз және ыстық сусыз отырды. 9 қарашада кешке олар 19А және 20-шағынаудандардың арасындағы жолға шығып, билік өкілдерінен жауап талап етіп, көлік қозғалысын тоқтатты.

№33 бес қабатты үйдің тұрғындарының айтуынша, 9 қарашада таңғы сағат 4:30-да жарық сөніп, онымен бірге жылу мен ыстық су да тоқтаған. Пәтерлер суып, тоңазытқыштар істемей, азық-түлік бұзыла бастаған. Тұрғындардың сөзінше, жарық мұнда бірінші рет сөніп отырған жоқ: біраз уақыт жанады да, қайтадан өшіп қалады. Адамдар жолды жапқанда көліктер мен жолаушылар автобусы тұрып қалды. Тұрғындар жарық пен жылудың қашан берілетінін, апаттың неге қайталана беретінін және кернеу ауытқуынан тұрмыстық техника бұзылса, өтемақы сұрап қайда жүгіну керегін білгісі келді.

Lada.kz тілшілері тұрғындардың жолға шыққан сәтін бейнеге түсірді:

«АУЭС» МКК-ның түсіндіруінше, апат K7 Group пен «СМК-4» компанияларына тиесілі ТП-20-05 және ТП-20-03 қосалқы станцияларының арасындағы кабель желісінде болған. Бірнеше жерден зақым табылды. Оларды іздеуге нөсер кедергі келтірді: учаскені су басып, зақымдалған кабельдер су астында қалды. Оның үстіне бұл кабель трассасының бөлек дәлізі, қорғаныш жабыны мен белгі таспасы жоқ. Жөндеушілер таңертеңнен бері жұмыс істеді, бірақ кешке компания: «Қазіргі уақытта электрмен жабдықтау толық қалпына келетін нақты мерзімді айту мүмкін емес», – деп мойындады. Үйлер мүлде ресурссыз қалмас үшін жөндеу кезінде генератор қойылды. Апаттық бригада кабель желілерін қалпына келтірген соң, жарық пен жылу әдеттегі схемаға ауыстырылды. Жағдай Ақтау қалалық әкімдігінің бақылауында болды.

Соңғы күндері Ақтауда жаңбыр толастар емес. Коммуналдық қызметтер көшелерден 10 мың текше метр су сорып алды, ал қаладағы екі мектепте жылу сыртқы желілер арқылы ғимаратқа жетпегендіктен, балалар сабақта күртешемен отырды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз