Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Астанада екі қыз бала қаза тапты: полиция қылмыстық іс қозғады

Полиция тергеу құпиясына сілтеме жасап, қыздардың жасын және қаза табу мән-жайын жарияламай отыр.

Полиция Астаны
Фото: polisia.kz

9 қарашада, дүйсенбі күні кешке Астананың Есіл ауданында екі қыз бала қаза тапты. Бұл оқиға туралы алғаш рет аудан тұрғындары әлеуметтік желіде жазды: куәгерлердің айтуынша, тұрғын үйлердің бірінің жанында полиция мен жедел жәрдем жұмыс істеген. Кейін елорда полиция департаменті суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полицияда. Қыздардың жасы, олардың қаза табу мән-жайы және тергеу Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүріп жатқаны ресми түрде айтылмай отыр. Әлеуметтік желіде талқыланып жатқан мәліметтерге ведомство пікір білдірмейді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін тергеудің рұқсатынсыз жария етуге тыйым салады.

Егер сізге, балаңызға немесе жақындарыңыздың біріне қазір ауыр болса, көмекті тегін алуға болады:

  • 150 – балалар мен жастарға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны. Қоңырау анонимді, мамандар қазақ және орыс тілдерінде жауап береді, WhatsApp арқылы да жазуға болады.
  • 111 – отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы.
  • 112 немесе 103 – өмірге қауіп төнсе.

Қазақстанда тағы қандай сенім телефондары бар екенін және өңірлерде қайда жүгінуге болатынын тегін психологиялық көмек туралы материалда айтқанбыз.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз