Мазмұнға өту

Stadler вагондары 11 қарашада Астана – Алматы бағытына шығады

Жаңа вагондардан құралған алғашқы пойыздарға билет bilet.railways.kz сайтында және вокзал кассаларында сатылып жатыр, ал 13 қарашада жаңартылған құрам Семейге де аттанады.

Новые пассажирские вагоны Stadler казахстанской сборки

Stadler жаңа вагондарынан құралған алғашқы жолаушылар пойыздары Астанадан Алматыға 11 қарашада, Семейге 13 қарашада жолға шығады. Бұл пойыздарға билет сату 5 қарашада басталды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Жаңа құрамдар № 3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және № 153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойыздарына жасақталды. Билетті bilet.railways.kz сайтынан және теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады.

Вагондарды Stadler Kazakhstan зауыты шығарады. Купе вагонында 40 орын, плацкарт вагонында 56 орын бар. Әр вагонда климат-бақылау, жеке жарық, 220 В розетка, USB және USB-C ағытпалары, бейнебақылау орнатылған, қозғалысы шектеулі жолаушыларға жағдай жасалған. Құрамдарға ыстық тамақ, сусын және жеңіл тағам ұсынатын буфет вагондары да қосылған.

Жолаушылар вагондарының паркі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңартылып жатыр. Келісімшарт бойынша 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіліп, кейін сервистік қызмет көрсетіледі.

Жаңа вагондарды іске қосу мерзімі бірнеше рет шегерілген. Алғашында оларды 2025 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған еді, алайда «Қазақстан темір жолы» тежегіш жүйесіне қатысты ескертулер жойылмайынша вагондарды қабылдамайтынын мәлімдеді. Қыркүйекте министрлік жаңа мерзім ретінде қазан айының соңын атап, қосымша тексеру қажет болса, ол өзгеруі мүмкін екенін ескерткен.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз